Павлодар өңірі дарындарға бай өлке – Асайын Байханов

Павлодар өңірі дарындарға бай өлке – Асайын Байханов
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімі мәдениет қайраткерлерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов кездесуге қатысушыларға өңір мәдениетін дамытудағы және қазақ өнерін насихаттаудағы үлестері үшін алғыс айтып, олардың ұлттың рухани негізін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.

– Мемлекет басшысы өткен жылдың қазан айында өңір қоғамдастығының өкілдерімен кездесу кезінде «Павлодар облысының жаңа мәдениет толқынының өкілдері ұлттық мәдениетімізді шет елде насихаттауға және ілгерілетуге үлкен үлес қосып жатыр» деген еді, - деп атап өтті облыс әкімі. 

Ел президенті Еуропаның үздік сахналарында ән шырқайтын Мария Мудрякты қазақ мәдениетінің табысты елшісі ретінде атап өтті. Облыс әкімі опера әншісінің өзі туған Павлодар қаласында алғашқы шығармашылық қадамын бастаған дара жолын атап өтті.

– Сіз Гиннес рекордтар кітабына әлемнің ең жас әншісі ретінде еніп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша үздік еуропалық оқу орнын аяқтадыңыз, әлемнің опера театрларының сахналарында ән шырқадыңыз. Жерлестеріңіз сіздің шығармашылығыңызды ұнатады, мансап жолыңыз бен жетістіктеріңізді бақылап отырады, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Өз кезегінде әлемдік опера сахнасының жұлдызы облыс басшылығына мәдениет саласына қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, Ертіс-Баян өңірі әрдайым жас дарындарды тәрбиелеу мен оқытудың озық орталығы болып қала беретінін атап өтті.

Бүгінгі кездесуде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі, облысымыздың тумасы Шахимардан Әбілов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Виктор Денисенко, қазақ халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрінің дирижерлері Талғат Кәрімов пен Болат Рахымжанов, Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының басшысы, ақын, жазушы Жарқынбек Амантайұлы да өз ойларымен және ұсыныстарымен бөлісті. 

Кездесу соңында өңір басшысы барлық пікірлер мен тілектер ескерілетінін жеткізді.

– Мәдениет пен өнер – өмірдің ажырамас бөлігі, елдің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан біз осы бағытта жоспарлы жұмысымызды жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.

Ол жиналғандарға шығармашылық табыс тіледі.