Екібастұзда жаңа муралдар пайда болуы мүмкін

Суреттердің авторы кеншілер шаһарының кез келген тұрғыны бола алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз жастар орталығының мәліметінше, «Street art» мурал салуға арналған сурет байқауы жарияланды. Оған кез келген адам қатыса алады. Әр қатысушы конкурсқа эскиздер беруге құқылы. Жас ерекшеліктері бойынша шектеу жоқ.
Муралдар биылғы жылдың мерейтой даталарына орай арналады: Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы, ҚР Конституциясы қабылданған күннен бастап 30 жыл, Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл. Сондай-ақ, зиянды заттармен күрес, сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ, Жұмысшы мамандықтар жылы, Екібастұз – сүйікті қалам, Екібастұз – жастар қаласы, мейірімділік – адамзаттың асыл қасиеті сияқты тақырыптарға салынған суреттер қабылданады. Суреттер қолмен, яғни май, акварель, сия, түрлі-түсті қарындаштар көмегімен немесе графикалық бағдарламалардың көмегімен кез келген техникада салынуы мүмкін.
Эскиздерді 28 ақпанға дейін crmi_ekb@mail.ru электрондық поштасына жіберуге болады.
Жұмыстар тақырыпты ашу, идея мен көркемдік сапасы, жұмыстың эстетикасы, дизайнның өзіндік ерекшелігі, автордың көркемдік шеберлігі, өзектілігі жағынан бағаланады. Жалпы жүлде қоры – 700 мың теңге.
Байланыс телефоны: +7 (747) 609-30-07.