Павлодарда белгілі этнографтың сызбалары мен шапаны музейге қойылды
Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халел Арғынбаевқа арналған бұрыш ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Этнограф Халел Арғынбаев 1924 жылы Баянауыл ауданының Аймауытов ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Қоңыр жеті жылдық мектебін бітіріп, қалаға педагогикалық училищеге түскен. Кейін Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, 1947 жылы туған жеріне оралған соң этнография саласына көңіл бұрған.
Ғалымның бірнеше монографиялық еңбегі жарық көрген. «Қазақтың мал шаруашылығы», «Қазақ халқындағы отбасы мен неке», ғалымның «Қазақ халқының қолөнері» атты монографиясы сынды еңбектерді жазған. Ол замануи құрылғылар болмағандықтан қолөнер бұйымдарын қағазға қолмен түсіріп, сызбалар қалдырған.
– Ертіс-Баян өңірінің біртуар азаматы, этнограф, ғалым Халел Арғынбаевқа арнап музейімізден бұрыш аштық. Бұл көрмеде этнографтың 90 жасында киген шапаны, сызбалары, халықаралық деңгейде өткен Халел Арғынбаев оқуларына қатысушылардың еңбектері жинақталған кітап қойылды, – дейді Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлы.
Бүгінде музейде келесі жылы ғалымның 100 жылдығына орай көрмеге қойылатын құнды заттар жинақталуда.