Павлодарлық «Ретро» тобы халықаралық фестивальде жарқырады
«ULY DALA UNI» дәстүрлі фестивалі Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының вокалдық тобы II халықаралық «ULY DALA UNI» вокалдық-хор өнері фестивалінде үлкен табыспен өнер көрсетті. Шара Құрманғазы атындағы консерваторияда өтті. «Ретро» ансамблінің әртістері бірнеше композиция орындады.
– Барлығы жоғары деңгейде өтті, ұйымдастыру керемет, қатысушылардың барлығы өте талантты, шығармашыл жандар. Осындай ауқымды шараға қатысу – әрдайым қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Біз туған Павлодарымызды, сүйікті филармониямызды таныстырғандықтан, мұқият дайындалдық және бәрі сәтті өтті деп ойлаймын. Қазылар алқасы мен көрермендерден жақсы пікір алдық. Бұл – әрбір әртіс үшін ең қымбат нәрсе, – деді «Ретро» ансамблінің көркемдік жетекшісінің міндетін атқарушы Вероника Федулова.
Онымен бірге Алматы сахнасында Екатерина Романенко, Камила Мусина және Юлия Цюняк өнер көрсетті.
– Павлодарлық талантты музыканттар туралы естігенбіз, бірақ сіздер бүгін вокалдарыңызбен, сахналық образдарыңызбен және репертуарларыңызбен баршаны таңғалдырдыңыздар. Сіздерге шығармашылық табыс пен жарқын өнер тілеймін, – деді марапаттау рәсімі кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрым Алагөзов.
Биылғы фестивальге мыңнан астам қатысушы жиналған. 45 хор және вокалдық ұжым өз өнерін көрсетті. Қазақстанның мәдениет министрі Аида Балаева мұндай мәдени шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Фестиваль екінші рет Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өтіп, хор өнерін дамытуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және халықаралық мәдени диалогты кеңейтуге бірегей мүмкіндік береді. Бұл жоба бір сахнада кәсіби музыканттар мен жас орындаушыларды, үздік шығармашылық ұжымдарды жинап, өнердің жоғары деңгейін көрсетеді, – деді ол.
Фестиваль бағдарламасына тыңдаулар мен шақырылған қонақтардың шеберлік сабақтары кірді. Олардың қатарында Братислава орындаушылық өнер академиясының өнертану докторы Милан Колена, атақты дирижер әрі опера әншісі, «Италия жұлдызы» орденінің иегері Батыржан Смақов және басқа да танымал мамандар болды.
Қатысушыларды марапаттау Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында өтті. Павлодарға оралғаннан кейін ансамбль келесі айда филармонияда өтетін концертке дайындықты жалғастырады.
«Ретро» тобы 1997 жылы құрылған. Содан бері құрам бірнеше рет өзгергенімен, таңдаған жанрына деген адалдығы өзгерген жоқ. Ұжым репертуарының негізін 1960–80 жылдардағы әндер құрайды.