Павлодардағы болашақ мектебінің ұстаздары жаңа оқулықтар жазуда

Павлодардағы болашақ мектебінің ұстаздары жаңа оқулықтар жазуда
Фото: облыстық білім басқармасынан

№47 орта мектеп мұғалімдері Рустам және Бақыт Сағымбаевтар еліміздің білім беру жүйесіндегі маңызды жобалардың біріне қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұстаздар республикалық іріктеуде 20 авторлық топтың арасынан жеңімпаз атанып, 1 және 3-сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтарын әзірлеу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл жай ғана оқулық жазу емес — білім мазмұнын жаңартуға бағытталған ауқымды жұмыс. Авторлардың айтуынша, республикалық кезеңдегі іріктеу өте жоғары деңгейде өткен. Әр команда жаңа идеяларын ұсынып, өз жобаларын қорғаған. Осындай бәсекелі ортада ерекшелену оңай болмаған.

— Ең қиыны — өз идеяларымызды толық ашып, жобамыздың басқа жұмыстардан қандай айырмашылығы бар екенін көрсету болды. Заманауи білім талаптарына сай оқулық құрылымын жасау үшін біз Финляндия, Сингапур және Қытай елдерінің оқулықтарын зерттедік. Соның негізінде сабақтың үш үлгісін ұсынып, мүлде жаңа форматтағы оқулық жобасын дайындадық, — дейді авторлар.

Нәтижесінде Қазақстандағы ірі баспалардың бірімен келісімшарт жасалып, тек оқулық емес, толыққанды оқу-әдістемелік кешен әзірлеу жұмысы басталды. Оның құрамына оқулықтың өзі, жұмыс дәптері, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал, есептер мен тапсырмалар жинағы, сондай-ақ электронды оқулық кіреді.

Жаңа буын оқулықтарының басты ерекшелігі — тапсырмалар құрылымында. Олар ортақ және лексикалық тақырыптарға негізделіп, танымдық тапсырмалар мен пәнаралық байланысқа басымдық береді. Мұндай тәсіл оқушыларға білімді меңгерумен қатар ақпаратты талдауға, сыни ойлауды дамытуға және түрлі пәндер арасындағы байланысты түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқулық мазмұнында ұлттық құндылықтарға, ұлтаралық мәдениетке және тәрбиелік компонентке ерекше көңіл бөлінеді.

1 және 3-сынып оқушыларына материалды қызықты әрі түсінікті ету үшін авторлар түрлі тиімді әдістемелік тәсілдерді қолданады. Ең алдымен иллюстрациялар, суреттер және графикалық сызбалар сияқты көрнекі материалдарға ерекше мән беріледі. Олар балаларға жаңа ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектеседі. Тапсырмалар Bloom’s Taxonomy деңгейлері бойынша құрылып, интерактивті форматта ұсынылады. Мәтіндер қарапайым әрі түсінікті тілмен, қысқа сөйлемдермен және балаларға таныс сөздермен жазылған. Сонымен қатар сабақтарда жобалық және топтық жұмыс түрлері қолданылады, бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады.

Сағымбаевтардың айтуынша, оқулық жазуда күнделікті педагогикалық тәжірибе үлкен рөл атқарады. Мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктерін, қабілеттерін және ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін жақсы түсінеді. Дәл осы тәжірибе тапсырмалар мен оқу материалының мазмұнын дұрыс құруға көмектеседі.

— Бұрын оқулық жазуға мектеп мұғалімдері сирек тартылатын. Бүгінде бұл — өте маңызды әрі дұрыс қадам. Себебі оқушыға нақты не қажет екенін ең жақсы білетін адам — мұғалім, — дейді авторлар.

Олардың пікірінше, оқулық авторы болу үшін мұғалімде ең алдымен педагогикалық шеберлік пен пәнді терең білу болуы тиіс. Сонымен қатар шығармашылық ойлау, талдау қабілеті, шыдамдылық және жүйелілік те маңызды. Автордың басты міндеті — оқу материалын балаға түсінікті әрі қызықты етіп ұсыну.

Баспамен жұмыс жасау педагогтардың жаңа кәсіби қырларын да ашуға көмектескен. Олар ғылыми-әдістемелік материалды құрылымдау, мәтінді редакциялау, қысқарту және оқу материалын логикалық жүйеге келтіру дағдыларын дамытқан.

Жобаның тағы бір ерекшелігі — оның үстінде ерлі-зайыпты педагогтардың бірлесіп жұмыс істеуі. Мұндай ынтымақтастық кәсіби тәжірибе мен идеяларды біріктіруге, оқулық мазмұнын әртүрлі көзқарас тұрғысынан талқылауға және оны барынша сапалы етуге мүмкіндік береді.

Егер жұмыс барысында пікір қайшылығы туындаса, авторлар оны кәсіби тұрғыда, педагогикалық дәлелдерге сүйене отырып талқылайды. Негізгі мақсат — жеке пікірді қорғау емес, оқулықты жақсартудың ең тиімді шешімін табу.

Мектептегі жұмысты және оқулық жазуды қатар алып жүру үшін Сағымбаевтар уақытты дұрыс жоспарлауға тырысады. Күндіз мектепте сабақ берсе, кешкісін немесе демалыс күндері шығармашылық жұмысқа уақыт бөледі. Олардың айтуынша, әр адам өз шығармашылық дамуына уақыт табуы керек, өйткені жаңа идеяларды іздеу кәсіби өсудің маңызды бөлігі болып табылады.

Жоспар бойынша 2026 жылдың қыркүйегінен бастап 3-сынып оқушылары жаңа оқулықтармен білім ала бастайды, ал 2027 жылы оларды бірінші сынып оқушылары да пайдаланады.