Ақсуда үздік жас кондитерді таңдады
Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде «WorldSkillsPavlodar-2023» өңірлік чемпионаты аясында JuniorSkills байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқу орны баспасөз қызметінің мәліметінше, іріктеу турында 12 қатысушы бақ сынаған, алайда «аспаздық дуэльге» олардың бесеуі ғана өткен. Олар екі қызықты модуль бойынша жұмыс істеді: «Сake to go» трендті десертін — құлпынай сиропы мен үлпілдек ірімшік кремі қосылған нәзік «губка» тортын әзірлеу және печенье үгіндісі мен қоюландырылған сүттен классикалық «картоп» тортын дайындау.
— Ең қызықты факт — барлық сайыскерлер — біздің оқу орнында оқитын жастар, — дейді колледж басшысы Алма Айтуарова. — Бұл оқу-тәжірибелік комбинатты 1 наурыздан бастап «тамақтандыруды ұйымдастыру» бағыты бойынша ашқан едік. Яғни, тоғызыншы сынып оқушыларына осындай керемет дәмді десерттер жасауды үйрену үшін бір ай ғана уақыт қажет болды. Бұл - керемет нәтиже. Осы балалардың барлығын «тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша колледжімізге «Кондитер» және «Аспаз» біліктілігі бойынша оқуға шақырдық. Сондай-ақ оларды әрі қарай «Service» ЖШС-не жұмысқа орналастырамыз.
Колледж басшылығы JuniorSkills болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін бағалау сатыларының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, чемпионаттың мақсаты — оқушыларға өмірде өз кәсібін таңдауға көмектесу.
Жас кондитерлерге өндірістік оқыту шебері Зиньфира Абдрахманова тәлімгер болды. Сарапшылар ретінде колледждердің әлеуметтік серіктес кәсіпорындарының өкілдері және болашақ жұмыс берушілер Бақыт Серібаева («Service» ЖШС) және Людмила Алексеева («Рандеву» мейрамханасы) төрелік етті.
Қазылар алқасы кондитерлік өнімдердің дәмі мен сыртқы бейнесіне, жұмыс орнындағы тәртіпке назар аударды.
Нәтижесінде бірінші орынды №1 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Жансая Бажен иеленді. Екінші орынға Мансұр Амангелдинов, үшінші орынға №8 мектептен келген Снежана Семикина лайық деп танылды.
Байқаудың барлық қатысушылары мен жеңімпаздары дипломдармен, сертификаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.