Павлодардағы сайлау учаскелерінің бірінде 20-дан астам жас алғаш рет дауыс бермек
Олардың қатарында студенттер де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш сайлау учаскесінде таңертеңнен бері тұрғындар өз таңдауларын жасауда.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Рамиля Жайбаеваның айтуынша, таңғы уақытта шамамен 100 адам дауыс берген. Ал бұл орынға тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 2000-нан асады.
Бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беретін 23 жас бар. Олардың арасында студенттер де кездеседі. Атап айтқанда, жатақханада тұратын 170 студенттің сайлауға қатысуы қарастырылған. Олар уақытша тіркеу арқылы өз таңдауын жасай алады.
Сайлауға келген жастардың бірі – Торайғыров университетінің төртінші курс студенті, 21 жастағы Динара Сүндет. Ол кәмелет жасына толғаннан бері барлық сайлау мен референдумдарға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіріп келеді. Бұл жолы да учаскеге екінші рет келіп, өз таңдауын жасаған.
– Әрбір 18 жасқа толған азамат дауыс беруге лайық деп ойлаймын. Кейбіреулер бір адамның дауысы ештеңені шешпейді деп есептейді. Алайда әр дауыстың маңызы зор. Сондықтан жастарды сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Бүгінгі дауыс беру барысы жақсы ұйымдастырылған, – деді студент.
Бұдан бөлек, учаскеде мүмкіндігі шектеулі 13 адам тіркелген. Олардың бірқатары үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Комиссия мүшелері түске дейін өтініштерді жинап, сағат 12:00-ден кейін азаматтардың мекенжайларына барып, дауыс беруіне жағдай жасайды.
– Алғаш болып дауыс бергендер – ерлі-зайыпты жұп. Олар учаске ашылғанға дейін келіп, мемлекеттік әнұран орындалғаннан кейін өз таңдауларын жасады. Сыйлық ретінде кітап ұсындық, – деді Рамиля Жайбаева.
Бүгінде мұнда тоғыз комиссия мүшесі қызмет атқарып жатыр. Олар университет, музыкалық колледж, балабақша және қан орталығы секілді түрлі мекемелердің өкілдері.
Сайлаушыларға үш бюллетень ұсынылады. Біріншісінде саяси партиялардың бірін таңдауға болады. Қалған екеуі облыстық және қалалық мәслихат депутаттарын сайлауға арналған. Әр деңгейде үш кандидаттан ұсынылған. Сондай-ақ бюллетеньдерде «Барлығына қарсымын» деген нұсқа бар.
Комиссия төрайымы тұрғындарды сайлау науқанынан шет қалмай, өз азаматтық позициясын білдіруге шақырды.
