Павлодар облысында Ұлттық қордан қанша бала ақша алуға құқылы?

Павлодар облысында Ұлттық қордан қанша бала ақша алуға құқылы?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ата-аналар баланың мәліметтерін eGov.kz порталы арқылы тексере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Оған сәйкес Ұлттық қор есебінен туған сәттен бастап 18 жасқа толған баланың арнайы шотына төлемдер түседі. Ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар eGov.kz порталдағы азаматтық хал актілеріндегі балалар туралы мәліметтерді тексереді. Алайда жеке кабинетте деректері сәйкес келмейтін жағдайлар да болып тұрады. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» облыс бойынша филиал директорының орынбасары Рахат Қошанов мәлім етті. 

– Мәліметтерді өзектендіру мүдделі тұлғаның өтініші бойынша жүргізіледі. Мысалға, жобаны іске асыру аясында жүйеде басқа бала тіркелді деген өтініштер келіп түседі. Алайда, ата-ана жеке кабинетте мәліметтерді жаңартып, өзгерте алады. Бүгінде Павлодар облысының АХАТ арқылы 523 жазба жаңартылды, – деді Рахат Қошанов.

Егер акт жазбасы «АХАТ» ақпараттық жүйесінде болса, көрсетілетін қызметті беруші екі жұмыс күні ішінде өзгерістер енгізеді. Егер ақпараттық жүйеде түзету үшін негіз бола алатын жазбалар болмаса, қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, Павлодар облысында 2023 жылы 18 жасқа дейінгі 205 мыңнан астам бала бар, оның ішінде 105 мыңы – ұл, ал 100 мыңы – қыз. 

Айта кетейік, бала төлемдерді алу үшін міндетті түрде Қазақстанның азаматы болуы керек. Ақша Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-нан есептеледі. Алдын ала болжам бойынша, жылына бір рет 100-200 долларға дейін аударылады. 18 жасқа толғаннан кейін балалар жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға ақы төлеу үшін пайдалана алады.