Павлодар тұрғындарын қауып алған иттердің иесі қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін

Жануардың иесі табылып, полицияға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін таңертең Қамзин көшесінде екі ит әйелге, одан кейін ер адамға шабуылдаған. Екеуі де тістеген жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Құтыруға қарсы екпелерді алғаннан кейін олар үй жағдайында емделуге жіберілді.
Кавказдық қойшы иттердің бірі ұйықтатылып, екіншісі иесіне тапсырылды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі иттердің иесі анықталып, полицияға жеткізілгенін хабарлады.
– Полицейлер Павлодар қаласының екі тұрғынының денсаулығына абайсызда зиян келтіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 114-бабының үшінші бөлігі бойынша іс қозғады, – деп атап өтті департаментте.
Полицейлер жануарлардың иелерін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заң талаптарын сақтауға шақырады.