Павлодардағы жүкті әйелдер арасында қан қысымының көтерілуі неге жиілеген?
Кардиохирург гипертензияның себептері мен қауіптерін түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүктілік кезінде қан қысымының жоғарылауы ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайдың бірі. Сондықтан мамандар бұл кезеңде әйелдердің жағдайын жіті бақылап, аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға басымдық береді.
Павлодар облыстық кардиохирургиялық орталығының кардиохирургі Виталий Березуцкийдің айтуынша, қан қысымының көтерілуіне бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында қозғалыстың аздығы мен зиянды әдеттер бар.
– Адам қозғалыста болған кезде қан тамырларының серпімділігі сақталады. Ал қимыл-қозғалыс азайған жағдайда тамырлардың жұмысы бұзылып, уақыт өте келе артериялық гипертензия дамуы мүмкін. Темекі шегу мен энергетикалық сусындарды тұтыну да жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер етеді, – дейді Виталий Березуцкий.
Маманның сөзінше, қазіргі таңда жүкті әйелдердің денсаулығына ерекше назар аударылып, олардың жағдайының жіті бақылауға алынуы көрсеткіштің артуына себеп болуы мүмкін. Қан қысымында ауытқу байқалған жағдайда дәрігерлер қажетті тексерулер жүргізіп, емдеу тәсілін жеке белгілейді.
Кардиохирург дәрі-дәрмекті өз бетінше қабылдауға болмайтынын да ескертеді. Әсіресе, жүктілік кезінде кез келген препарат тек дәрігердің тағайындауымен қолданылуы керек. Өйткені емдеу барысында ана мен құрсақтағы баланың қауіпсіздігі қатар ескеріледі.