Павлодарда құжат рәсімдеу үшін көші-қон қызметі азаматтардың үйіне барады

Павлодарда құжат рәсімдеу үшін көші-қон қызметі азаматтардың үйіне барады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көші-қон қызметі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жеке куәлікті үйінде жүргізіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл қызмет қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүріп-тұруы қиын адамдар және халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) өз бетінше бара алмайтын азаматтар үшін қолжетімді. Арнайы мамандар үйге барып құжат қабылдап, дайын болған соң өтініш иесіне жеткізіп береді.

— Бұл қызмет келесі санаттағы азаматтар үшін қолжетімді: қарттар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүріп-тұруы қиын адамдар, аудан немесе қаладағы ХҚКО-ға өз бетінше бара алмайтындарға, — дейді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілі Қанат Сартов.

Құжаттарды рәсімдеу үшін 1414 call-орталығына хабарласып, себеп пен оны растайтын құжаттарды көрсету қажет. Сондай-ақ келесі құжаттарды ұсыну керек:

  • туу туралы куәлік (егер жеке куәлік бірінші рет алынатын болса);
  • жарамсыз немесе ауыстырылуы тиіс куәлік/төлқұжат;
  • мүгедектік туралы анықтама (мысалы, МӘС анықтамасы);
  • мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек
  • жеке куәлік үшін — 0,2 АЕК (786.40 теңге);
  • төлқұжат үшін — 8 АЕК (31 456 теңге);

Немесе баж салығынан босатылатынын растайтын құжат (ҚР Салық кодексі, 622-бап, 4-тармақ).

Құжат дайын болған соң, ол заңда көрсетілген мерзім ішінде өтініш берушінің үйіне жеткізіледі. Бұл бастама — халықтың әлсіз топтарына көрсетілетін нақты қолдау және қолайлы мемлекеттік қызмет көрсетудің жарқын үлгісі.

Жансая Мәлік