Павлодарда қараусыз қалған төрт бала анықталды

Павлодарда қараусыз қалған төрт бала анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде өтіп жатқан «Қауіпсіз үй» акциясы аясында полицейлер тұрғын үйлерді тексеруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елімізде 5 қазан мен 5 қараша аралығында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Тәртіп сақшылары тұрғын үйлер мен пәтерлерді аралап, тұрғындарға мүлікті қорғау және пәтер ұрлығының жолын кесу шараларын түсіндіреді.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәліметінше, алғашқы төрт күнде ел бойынша 46 мыңнан астам тұрғын үй нысаны және профилактикалық есепте тұрған 35 мыңнан астам адам тексерілді.

– Тексеру нәтижесінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрып жатқан төрт мыңға жуық адам анықталып, үш мың заң бұзушылықтың жолы кесілді. Павлодар облысында полиция қызметкерлері қараусыз қалған төрт баланы анықтады. Мұндай жағдайда біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау, – деді Бағланбек Айтпаев.

Республика бойынша 800-ге жуық жасөспірімге көмек көрсетіліп, олардың 127-сі бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Бұдан бөлек, 11 мыңнан астам қару иесі тексеріліп, тіркелмеген 20 атыс қаруы тәркіленді. Тәртіп сақшылары азаматтармен екі мыңға жуық кездесу өткізіп, 580-ге жуық өтініш қабылдады.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды есік-терезелерді мұқият жабуға, кілттерді қолжетімді жерде қалдырмауға және күдікті тұлғалар мен қараусыз қалған балаларды байқаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласуға шақырады.