Ертісте суға кеткен ер адамның денесі бір айдан кейін табылды

Ертісте суға кеткен ер адамның денесі бір айдан кейін табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елуден астам сүңгуірлік операция жасалып, шамамен 700 шаршы метр су асты аймағы зерттелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

13 мамыр күні сағат 14:00-де құтқарушылар Ертіс өзенінің жайылмасынан, Железинка ауылынан шамамен 8 шақырым қашықтықтан ер адамның денесін судан алып шықты. Бұл – 12 сәуірде Тереңкөл ауданы Береговой ауылында суға батып кеткен тұрғын. Марқұмның денесін жергілікті тұрғындар байқап, құтқарушыларға хабар берген. Туыстары мәйіттің жоғалған азаматқа тиесілі екенін растады.

– Іздеу жұмыстары бір айға жуық уақытқа созылды. Құтқарушылар эхолоттарды пайдалана отырып, өзен түбін бірнеше рет тексеріп, жағалау бойымен іздеу жүргізді. Жалпы, елуден астам сүңгуірлік операция жасалып, шамамен 700 шаршы метр су асты аймағы зерттелді, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Іздестіру барысына Ертістің қатты ағысы, су деңгейінің көтерілуі және түбіндегі лайдың көру мүмкіндігін мүлде шектейтін жағдайы айтарлықтай қиындық туғызды. Мәйіт оқиға орнынан шамамен 140-150 шақырым төменгі ағыс бағытында табылды.

Еске сала кетейік, 12 сәуірге қараған түні Тереңкөл ауданында жағалауға байланған баржадан суға секірген ер адам із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Куәгерлердің айтуынша, оқиға балық аулау мен алкоголь ішімдіктерін қолдану кезінде орын алған. Хабар түскен бойда оқиға орнына ТЖД-ның төрт қызметкері, бір техника және жүзу құралы жұмылдырылған.