Павлодарда қарт әйелді алдамақ болғандар ұсталды

Павлодарда қарт әйелді алдамақ болғандар ұсталды
Константин Шелковтің иллюстрациялық фотосы

Алаяқтар 85 жастағы қала тұрғынынан 1 млн теңге алмақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Instagram парақшасындағы @dp_pavlodar дайректіне өңір азаматтарынан күн сайын көптеген алғыс хаттары келіп түседі. Сондай алғыстың бірі Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Айдар Әбдікәрімовтің атына келді. 

-19 сәуірде менің 85 жастағы тәтеме терезелерді жөндеуді ұсынып, бейтаныс адамдар келеді. Олар өз қызметтерін миллион теңгеге бағалаған. Апайымның мұндай ақшасы болмаған. Алайда ол күйеу баласына ертең сағат 11.00-де оған "жөндеушілер" келетінін айтып, қарызға ақша сұрайды. Мұны естігеннен кейін мен дереу біздің учаскелік полициядан көмек сұрадым. Келесі күні жалған келісімшартты жасау кезінде Айдар әріптестерімен бірге алаяқтарды ұстап алып, полицияға жеткізді, - деп жазды қала тұрғыны. 

Полицейлер тұрғындарды алаяқтар туралы қанша ескертсе де, азаматтар бұл кеңестерді тыңдамай, алаяқтардың қармағына оңай түседі. Десе де тәртіп сақшылары кез келген жағдайға сақтықпен қарауды сұрайды.