Павлодарлық балаларға ұлттық қордан алғашқы нысаналы жинақтар түсті

Павлодарлық балаларға ұлттық қордан алғашқы нысаналы жинақтар түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл 18 жасқа толатын 300 мыңнан астам бала белгіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алғашқы нысаналы талаптар есептелініп, ағымдағы жылда 18 жасқа толатын балалардың нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар түсті.

1 қаңтардан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстанның азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.

Бағдарлама қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Олар 2006 жылдың басынан 2023 жылдың соңына дейін туылған балалар. Оның ішінде 304 815 қатысушы биылғы жылы 18 жасқа толады. Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді.

Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды! Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі, – делінген хабарламада.

Бұл жылы 18 жасқа толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Кейін бағдарлама қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады. 

Бағдарлама бойынша барлық нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар (жинақталатын инвестициялық кірісті қоса алғанда) АҚШ долларымен есепке алынады. 

Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН бойынша тексере алады, – дейді қор қызметкерлері. 

Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде тексере алады. Ал нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің Жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.

Бағдарламаға қатысушы балалардың толық тізімі жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған ресми мәліметтер негізінде қалыптастырылады. Егер бала осы дерекқорға қосылған болса, ол автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады және оған бағдарламаға қатысқан барлық жылдар ішінде нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс есептелетініне кепілдік беріледі.

Егер бала қандай да бір себептермен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорында болмаса және осы себепті бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізілмеген болса (бірақ оның қатысушы болуға құқығы болса), онда нысаналы талаптар келесі күнтізбелік жылы өткізіп алған кезеңдер үшін толық көлемде (инвестициялық кірісті қоса алғанда) есептеледі.

Бұл жағдайда балалардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) мына деректерді тексеру қажет:

  • балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы (туу туралы куәлік, 16 жастан бастап – Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі);
  • жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы және олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азаматтығы;
  • egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы (осы ресурста баланың ата-анасына бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірме ұсынылады).

Егер балада:

  • жеке басын куәландыратын құжат, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн;
  • азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе ол дұрыс көрсетілмеген болса, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.

«Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісі өткізіп алған кезеңді ескере отырып, келесі жылы толық есептелетін болады.