Павлодарлық журналист: Наурыз тойында ғарышкер Тоқтар Әубәкіров құрт берген еді

Павлодарлық журналист:  Наурыз тойында ғарышкер Тоқтар Әубәкіров құрт берген еді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Журналистер одағының мүшесі, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Сая Молдайып тоқсаныншы жылдардың басында Ұлыстың ұлы күні қалай тойланғаны жайлы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

–  «Туған ай тураған етпен тең» демекші, міне, біздің жақта қыс пен көктем бірін-бірі ала алмай манаурап тұрған шағында Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз да келіп жетті. «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» деп Ерназар бай айтқандай, бұл Наурыз табиғаттың да, адамзат, жалпы тіршілік атаулының сәруар күй кешетін ерекше бір күні ғой.... Ол кезде  Екібастұз ауданына қарасты Өлеңті орта мектебінде шет тілі пәнінің мұғалімімін. Бұл – ұмытпасам, 1991 жылдың көктемі. Мектепте жас мұғалімдер көп. Әдебиетті сүйіп оқығаным, қазақтың тарихы, мәдениеті мен өнерін қадір тұтқан басым, Наурыз жайлы кітапханадан оқып, іздестіріп, біраз мағлұмат жинастырып жүретінмін. Бізге, мұғалімдерге ауылда Наурыз мейрамын ұйымдастыруға тапсырма берілді. Сценарий жазылды, алайда Наурыз тойдың салт-дәстүр, ұлттық руханиятқа қатысты нақты кульминациясын көрсетуге тиіс болдық,  – деп еске алады журналист.

Айтуынша, сол жылдары совхоз директоры Зекен Оспанов, мектеп директоры Ерсағат Әшіров, ауылдық кеңестің төрағасы Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғарин, Әйелдер кеңесінің төраймы Светлана Рамазанқызының қолдау-көмегімен Наурыз тойына дайындық басталған. Бұл дайындыққа бүкіл ауыл жұмылып, бөлімшелер, денсаулық сақтау саласы, құрылыс, сауда саласы, балабақша ұжымы, механизаторлар... ешкім де қалыс қалмаған. Тойдың кульминациясына қазақтың арғы-бергі тарихындағы ел жадында аңыз болып қалған жеті ғашық: Еңлік-Кебек, Ләйлі-Мәжнүн, Қалқаман-Мамыр, Жүсіп-Зылиха, Таһир-Зуһра сынды арманда кеткен ғашықтарға қоса жеті ғашық тобына енбеген Қыз Жібек пен Төлеген таңдап алынған. Мектептегі ер мұғалімдер апта бойы Жібектің күймесін жасап, жабдықтап, әсемдеп, бөлімшеден Төлегенге ақ боз ат, күймеге жегілетін ат, сонымен қатар, ауыл шетіндегі стадионға киіз үйлер тігіліп, ауылдың үлкен-кішісі абыр-сабыр болады. Сол жылдары ауылдарда Наурыз тойын күн жылынып, жер аяғы кеңіген кезде тойлауға рұқсат берілді. 

 Өлеңтідегі Наурыз.1991 жыл. Мұғалімдердің «Аққу» биі

Наурыз мейрамы күні ауыл ерте оянып, таңсәріден киіз үй жақтан жерошақтан түтін көтеріліп, қазақтың күйі күмбірлеп, көңілдер көл-көсір қуанышқа бөленді. Ауыл орталығындағы трибунаның алдынан бөлімшелер, мекемелер ұжымдары, мұғалімдер мен оқушылар сап түзеп өтіп, әр мекеменің маңдайалды еңбеккерлері аталады, Наурыз жайлы өлең-жырлар оқылып, күй күмбірледі. Шығыстың жеті ғашығы ел назарын аударды, олардың тағдыр-талайы жайлы мағлұмат айтылды. Жеті ғашықты бейнелеген мұғалімдер қатарында Ерсағат Сапаұлы, Сәуле Қуандыққызы, Бақыт Қарабекқызы, Ораз Бекебайұлы, Нұржамал Балташқызы, Ерсайын – Бақыт Сүлейменовтар, Мақсұт-Еркеш Нұркиндер, Жағыпар Ақажанов, Сәуле Зайырқызы, Бадылхан-Тоғжан Қарабаевтар, т.б. бар. 

Салтанатты шеруден кейін жұртшылық биік сахна орнатылып, киіз үйлер тігілген стадионға жиналды. Ұлыс күні жасалатын ырымдар, бата-тілектер, жалпы бұл күннің мән-маңызы жайлы көпшілікке кеңінен айтылып, киіз үйлердегі мерекелік дастарқанда ауыл ақсақалдарынан бастап, кішкене балаларға дейін қонақ болады. Белгілі әнші, термеші, ауыл мақтанышы болған Қаржау Ордабаев бастаған өнерпаздар - Теңдік, Рашид, Нұршат, Марат Әміреновтер, Сәтбай Адамов, Хасен, Құсайын Әзмағамбетовтар, Назгүл Омарбекова сынды өнерпаздар сахна төрінде қазақ әндерін шырқап, сол күні Өлеңті ауылын ән мен жыр, күй тербеп, Ұлыстың ұлы күнінің ақ жарма қуанышын көктемнің саумал лебі, ақша бұлты іліп алып, алысқа әкеткендей болды. 

– Міне, Наурыз мейрамының ең алғаш рет ауылдық жерде мерекеленуіне ұйтқы болып, насихаттап, осынау ұлыс күннің қайта жаңғыруына үлес қосқанымды мақтаныш етемін.  Кейін журналистік салаға ауысып, Екібастұзда жаңадан ашылған «Отарқа» газетінде жүргенде де қаланың Наурыз тойына белсене араластық. 1993 әлде 1994 жылы Наурыз мейрамы 22 наурыз күні өтті. Әлі есімде, қаланың мәдениет бөлімінің бастығы Феризат Баженеева сценарий жазып беруімді өтінді, – дейді Сая Молдайып.

Журналистер одағының мүшесі сценарий жазылып болған соң, мерекені әріптесі, белгілі журналист, Жазушылар одағының мүшесі Жассерік Сәдуақаспен бірге жүргізген.

– Қаланың ортасына киіз үйлер құрылды. Ол жылдары Наурыз десе көпшілік елеңдеп, үлкен-кіші, жас-кәрі орталыққа ағылатын, ұлттық өнерге сусаған көпшіліктің көңілі сағынышқа толы еді. Біз тойды аттың үстінде отырып бастайтын болдық. Мен мінген ақ боз ат, Жассеріктің астындағы қасқа ат, ұмытпасам, Байет ауылынан жеткізілді. Жассеріктің басында бөрік, үстінде оюлы кең шапан, менің үстімде аппақ қос етек көйлек, бөрік, қамзол-шапан... бұл көрініс әдемі шықты. Ең қиыны, сахнаға жақындап, 5 минуттан соң аттан түсесіңдер дегенде аппақ қар жапалақтай жауып, ақ боран соғып берді... іле-шала сап тиылып, күн шайдай ашылды. Сахнаға көтеріліп, жұмысымызды жалғастырдық, – деп журналист тағы бір қызықты оқиғамен бөлісті. 

Наурыз дегенде тағы бір  тарихи сәт – 1992 жылы Екібастұздың Наурыз тойына ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің келуі. 1991 жылдың қазан айында тарихи тұлғаның «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, аман-сау оралып, қазақты шаттыққа бөлеп, аты аңызға айналып тұрған  кезі.  «Отарқа» газетінің редакторы Аманкелді Қаңтарбаев: «Сая, сен интервью ал, Жассерік екеуіміз жақындай алмаспыз, ер азамат әйел адамға «жоқ» деп бетін қайтармайды, киіз үйге енгенде соңынан қалма» деп тапсырма береді. 

– Айтқаны дәл келді, көпшіліктің арасымен қысылып-қымтырылып киіз үйге бірге енгенімді ешкім байқамады. Ұзын бойлы, қапсағай жауырынды, қазақтың батыр тұлғалы азаматы өзгелерден еңселі көрінеді екен. Қасындағы әкім-басшы қосшылар, күзеті бар, ер адамдар дастарқанға жайғаса бергенде: «Армысыз, аға!» деп қалдым. «О, кел-кел, мереке құтты болсын!» дегенде, еріп жүргендер әңгімелерін тоқтата қойып, жалт қарады. «Жергілікті «Отарқа» деген газеттің тілшісі едім» деп бастап, «...біздің жаққа қош келдіңіз! Бір-екі сұрақ қояйын деп едім, газеттің тапсырмасы» дедім. «Е-е, дұрыс, айта ғой» деді жылы жымиып. Екі сұрақ қойдым, қазақша-орысша араластырып, жап-жақсы жауап қайтарды. Тіпті, қолтаңбасын алдым. Ешкім ештеңе демеді, Тоқтар аға еңкейіп, дастарқаннан екі-үш құрт алды да, алақаныма салды. Қоштасып, шығып кеттім. Аңыз адам ғой, ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ! Маған құрт берді... балаша мәз болдым, – дейді Сая Молдайып.