Павлодарда қыста суға түсетіндерге арнайы орын жабдықталады

Павлодарда қыста суға түсетіндерге арнайы орын жабдықталады
ЖИ иллюстрациясы

Бұл аязда суға түсуді дағдыға айналдырғандардың өтініші негізінде іске асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қысқы шомылумен айналысатын тұрғындардың өтініші бойынша олармен кездесіп, суға түсетін орынды абаттандыру мәселесін талқылады.

Оның айтуынша, бұған дейін Ертіс өзенінің жағасында қыста суға түсетін арнайы орын ұйымдастырылған. Ол тұрғындар арасында танымал болып, қысқы шомылуға қызығушылық танытатындардың саны артқан.

Мұздай суға түсетіндердің айтуынша, қазіргі таңда бұл жерге келушілердің саны артқан. Тұрғындар суға жеке ғана емес, топ болып, командалармен және түрлі ұйымдармен бірге келеді. Осыған байланысты қысқы маусым басталғанға дейін қажетті жағдай жасау маңызды.

Кездесу барысында шешінетін орындардың тұрғындарға қолайлы болуы да сөз болды. Атап айтқанда, кабиналарда айна мен киім ілетін ілгектер қарастыру ұсынылды.

Қала әкімінің сөзінше, шешінетін кабиналарды 20 күн ішінде орнату жоспарланып отыр.

– Қала тұрғындарының салауатты өмір салтына бағытталған кез келген бастамасын әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Шаһар басшысы тиісті қызметтерге қыста шомылатын тұрғындар үшін аталмыш жерге төрт арнайы киім ауыстыратын орын орнатып, құтқарушылардың кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды.