Павлодарда ҚХА-ның жас өкілі Президенттің Жолдауындағы басты тұстарды атап өтті

Павлодарда ҚХА-ның жас өкілі Президенттің Жолдауындағы басты тұстарды атап өтті
Фото: Эльдар Захаровтың жеке мұрағатынан

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Павлодар облысының жастармен жұмыс жөніндегі маманы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдігінің жауапты хатшысы Эльдар Захаров Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, Президенттің «қазір – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі» деген сөзі ерекше есте қалған. 

– Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мәселен, «Алатау Сити» жобасында криптовалюта мен жасанды интеллект негізінде жаңа заманауи қала құру жоспарлары айтылды. Мұндай бастамалар  еліміздің инновациялық болашағына жол ашады, – деді Эльдар Захаров.

Сонымен қатар, ол Жолдаудағы патриотизм тақырыбына назар аударды. 

– Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың азаматтық жауапкершілігіне тоқталды. Шынында да, бүгінгі жастардың әрқайсысы өзін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сезінеді, туған елінің өркендеуін қалайды. Патриотизм – қазіргі буын үшін ажырамас құндылық, – деп атап өтті маман.

Эльдар Захаровтың пікірінше, Жолдау жастарға жаңа мүмкіндіктер берумен қатар, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған.