Павлодарда ұландықтар ноутбук ұрлаған адамды ұстады

Павлодарда ұландықтар ноутбук ұрлаған адамды ұстады
Фото: Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Заттай айғақтар тәркіленіп, күдікті полицияға тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 тамызда Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Павлодар қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау барысында қырағылық пен кәсібилік танытты.

Сағат 17:10-да полиция бөлімінен ноутбук ұрлағаны үшін іздеуде жүрген азаматтың Назарбаев даңғылында байқалғаны туралы жедел ақпарат түсті. Патрульдік жасақ бірден көрсетілген бағытқа шығып, күдіктінің белгілеріне сәйкес келетін азаматты байқап қалады.

Ұландықтар нұсқаулыққа сай әрекет етіп, оқиға жөнінде баянат толтырып, полиция қызметкерлерін шақырды. Ортақ күшпен күдікті қолға түсті.

Кейін ұсталған азаматтың шынында да Павлодар қаласындағы бір кәсіпорыннан құны 224 990 теңге тұратын ноутбук ұрлығына қатысы бар екендігі дәлелденді.