Павлодарда ұлттық күрестен ірі турнир басталды

Павлодарда ұлттық күрестен ірі турнир басталды
Фото: автор

Бұл жарыс оныншы рет өткізіліп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық қазақ күресі турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Биыл дәстүрлі дода 10-рет ұйымдастырылып отыр.

15-17 мамыр күндері өтетін жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 2009-2010 жылы туған 350-ге жуық жас балуан қатысуда. Турнир Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт сарайында өтеді.

Салтанатты ашылу рәсімінде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов сөз сөйледі. Алдымен ол облыс әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын оқып берді. Аймақ басшысы өз жолдауында Рымтай Ізбастиннің Баянауыл ауданы мен жалпы Павлодар облысының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Өз кезегінде Серік Батырғожинов жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнирді ұйымдастырушылар мен демеушілерге жастар арасында спортты насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов та қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Қазақстан кәсіпқой күрес федерациясының президенті Рахимжан Ерденбеков шақырту үшін алғысын айтып, балуандарға табыс тіледі. Сондай-ақ ол спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Рымтай Ізбастиннің ұлы Марат Ізбастинге естелік сыйлық табыс етті.

Өз сөзінде Марат Ізбастин турнирдің жоғары деңгейге көтерілуіне қолдау білдірген жандарға ризашылығын жеткізді.

— Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін үлкен рақмет. Биыл әкеміздің құрметіне арналған турнир 10-рет өтіп жатыр. Оның осындай жоғары деңгейге жетуі — сіздердің арқаларыңыз. Баршаңызға зор денсаулық, елімізге бейбіт аспан тілеймін, — деді ол.

Биылғы турнирдің басты ерекшелігі — жеңімпаздарға білім гранттарының табысталуы. Тоғыз салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанған балуандарға Satbayev University, Toraighyrov University, Margulan University және Kozybayev University атынан 9 білім гранты беріледі.

Турнирге сондай-ақ танымал қазақстандық спортшылар — Шавкат Рахмонов, Юрий Мельниченко, Садриддин Ахметов, Жәнібек Әлімханұлы және Айбек Нұғымаров келеді деп күтілуде.

Турнир жас балуандар үшін тек жарыс алаңы ғана емес, патриотизмді, ұлттық рухты және спортқа деген құрметті дәріптейтін маңызды алаңға айналмақ.