Паралимпиада-2024: Қазақстандық дзюдошы ел қоржынына қола жүлде сыйлады

Паралимпиада-2024: Қазақстандық дзюдошы ел қоржынына қола жүлде сыйлады
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Бұл – пара дзюдодан ұлттық құрама спортшыларының Парижде жеңіп алған екінші медалі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, J2 санаты бойынша 57 келідегі Даяна Федосова қола жүлде үшін белдесуде Түркия өкілі Дёндю Ешилюртты айқын жеңіп, ел қоржынына кезекті жүлдені салды.

– Пара дзюдодан әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері Даяна Федосова бұл жолы да жанкүйерлерді жеңісімен қуантып, Паралимпиаданың қола медалін олжалады. Бұл – пара дзюдодан ұлттық құрама спортшыларының Парижде жеңіп алған екінші медалы. Кеше Ақмарал Науатбек Парижде Әнұранымызды шырқатып, ел мерейін өсірген еді. Даянаны Паралимпия ойындарының жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Даяна 2021 жылы өткен Токио Паралимпиадасына да қатысып, жүлдеге сәл жетпей қалған.