Павлодарда ұлттық музыка мен әлемдік хиттер бір сахнада шырқалады

Павлодарда ұлттық музыка мен әлемдік хиттер бір сахнада шырқалады
Фото: Филармониядан

Концертті Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

16 қазанда Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның концерт залында «World of music – саз әлемі» концерті өтеді. Бұл – филармонияның 85-ші мерейтойлық маусымындағы Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің алғашқы концерті.

Сағат 19:00-де басталатын музыкалық кеш ұлттық аспаптардың мүмкіндігін жаңа қырынан танытып, қазақтың дәстүрлі музыкасын әлемдік классикамен, кинотуындылардың саундтректерімен және заманауи әуендермен тоғыстырады.

Концерттің алғашқы бөлімінде қазақ музыкасының таңдаулы үлгілері орындалады. Көрермендер Иса Байзақовтың «Желдірмесін», Жаяу Мұсаның «Сұрша қызын», сондай-ақ «Ақсақ құлан», «Ақерке», «Ақбақай» және «Ақмарал» күйлерін тыңдай алады. Бағдарламада Қайырбек Сатиев пен Иосиф Тамариннің шығармалары да бар.

Кештің ерекше бөлігі – павлодарлық жас композитор, музыкант-мультиинструменталист Ұғыбайдолла Мүфтәннің авторлық туындылары да орындалады. Оның «Алаш қырандары» және «Қалмақ қырылған» күйлері көрерменге жол тартады. Композитор «Алаш қырандары» шығармасына арналған жиырма оркестрлік партия жазып, әр ұлттық аспаптың өзіндік үнін ашуға мүмкіндік берген.

Бағдарламаның келесі бөлімінде көрермендерді музыкалық жанрлар мен мәдениеттерді тоғыстырған ерекше туындылар күтеді. Оркестр Secret Garden шығармаларын, Антонио Вивальдидің «Storm» туындысын, «Великолепный век» телехикаясының музыкасын және Ханс Циммер мен Джон Пауэллдің «Кунг-фу Панда» мультфильміне жазған әуендерін орындайды. Сондай-ақ «Naruto» анимесінің танымал музыкалық тақырыптары шырқалады.

Әсіресе, Ханс Циммер мен Джон Пауэллдің «Oogway Ascends» шығармасын қазақтың көне үрмелі аспабы – сыбызғының орындауында тыңдау ерекше әсер қалдырмақ. Бұл туынды ұлттық аспаптың тембрлік мүмкіндігін өзгеше қырынан танытады.

Кеш The Verve тобының «Bitter Sweet Symphony», Майкл Джексонның «Beat It» әндерімен және Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен түйінделеді.

Концерттің дирижері – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Берік Ақатаев. Арнайы қонақ ретінде Құрманғазы атындағы оркестрдің әртісі Ажар Еркебұланова қатысады.

Аталмыш концерт ұлттық музыканың бай мұрасын заманауи музыкалық ізденістермен ұштастырып, көрермендерге тың әсер сыйлауды көздейді.