Павлодарда өмірін медицинаға арнаған білікті дәрігердің еңбегі еленді
Оның дәрігер мамандығын таңдауына әскердегі қызмет ерекше түрткі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы, жоғары санатты дәрігер Бағдат Нұрғазин мерейлі жасқа толды. 31 жылдық еңбек жолында талай сәбидің дүниеге келуіне көмектесіп, жүздеген ананың алғысына бөленген маман бүгінде де таңдаған кәсібіне адалдығынан айныған емес.
Бағдат Нұрғазин медицинадағы еңбек жолын тоқсаныншы жылдары №1 қалалық аурухананың перзентхана бөлімінде интерн болып бастаған. Кейін Майқайыңда, облыстық медициналық мекемелерде қызмет атқарып, кәсіби өмірінің басым бөлігін Павлодар облыстық перинаталдық орталығымен байланыстырды.
Бүгінде ол күрделі акушерлік операцияларды жүргізетін тәжірибелі маман ғана емес, жас дәрігерлердің тәлімгері әрі қиын сәтте әріптестері сенім артатын білікті дәрігер. Перзентханадағы негізгі жұмысымен қатар, облыс аудандарына санитарлық авиация арқылы шұғыл шақыртуларға шығып, медициналық көмекке мұқтаж жүкті әйелдерге жәрдем көрсетеді.
Орталық директоры Гүлнар Буратаеваның айтуынша, Бағдат Серғазыұлының басты ерекшелігі – кәсіби шеберлігімен қатар, кез келген жағдайда сабыр сақтай білуі.
- Отыз жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде оның дауыс көтергенін немесе қиын жағдайда абдырап қалғанын көрген емеспін. Ол ешқашан өзгенің тасасына тығылмайды, жауапкершілікті мойнына алып, шешім қабылдай біледі. Қандай күрделі жағдайда да сенім артуға болатын әріптес. Біздің жас дәрігерлеріміздің көбі оны өз ұстазы санайды, – дейді Гүлнар Буратаева.
Мерейтой иесінің өмірінде әскери қызметтің де орны ерекше. Кеңес армиясы қатарында Мәскеу округінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде борышын өтеген ол әскердің бойына тәртіпті, жауапкершілік пен мұқияттылықты сіңіргенін айтады. Бұл қасиеттер кейін дәрігерлік қызметінде де үлкен көмегін тигізген
- Ең бастысы – адамға барынша көмектесуге ұмтылу. Ал біздің жұмыстағы ең қиыны – күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу», – дейді дәрігер.
Перзентханадағы жұмыс үлкен физикалық және психологиялық төзімділікті талап етеді. Соған қарамастан, Бағдат Серғазыұлы әлі күнге дейін толық жүктемемен еңбек етіп, түнгі кезекшіліктерге шығады. Әріптестері оның кәсібіне деген осындай адалдығын ерекше құрметтейді.
Ал жұмыстан тыс уақытта ол кітап оқуды ұнататын, әзіл-қалжыңымен ортаның көңілін көтеретін қарапайым жан. Отбасында аяулы жар, үш баланың қамқор әкесі. Әріптестерінің айтуынша, оның орынды әзілдері мен қанатты сөздері ұжым арасында әлі күнге дейін айтылып жүреді.
2019 жылы Бағдат Нұрғазин «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Енді көпжылдық адал еңбегі, денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі және кәсіподақ қозғалысын қолдағаны үшін «SENIM» салалық кәсіподағының Құрмет грамотасын иеленді.
Бағдат Нұрғазин – еңбегімен құрметке бөленген, кәсібіне адал павлодарлық дәрігерлердің бірі. Оның өмір жолы жас мамандарға үлгі болса, әріптестері үшін сенімділік пен адамгершіліктің өлшеміне айналған.