Павлодарда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа талаптар айтылды

Павлодарда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа талаптар айтылды
Фото: Константин Шелков

Өзгерістер 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының онлайн семинары өтті. Шара барысында ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты маңызды түсініктеме берді.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнайы салық режимі енгізілмек. Бұл санаттағы азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейтіндіктен, оларға арнайы банктік шот ашу мүмкіндігі жоқ. Банктер мұндай шоттарды тек жеке кәсіпкерлерге ғана ашады.

Жәнібек Нұржановтың айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған мобильді қосымшада қолма-қол емес төлемдерді қабылдау функциясы қарастырылған. Алайда бұл түсімдерді жеке тұлғаның өзге қаржыларымен араластыру тәуекелдер туғызады.

– Уақыт аз – режим 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуі тиіс. Жаңа жылға дейін бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын, – деді ол.

Айта кетейік, аталған мәселе қазіргі уақытта ұлттық банкпен бірлесіп пысықталып жатыр.