Павлодарда 1 Мамыр күні Нұрболат Абдуллин өнер көрсетеді

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыс бойынша 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1 мамыр күні Павлодар қаласында тоғыз жерде, соның ішінде қала аумағындағы ауылдық аймақтарда мерекелік концерттер мен спорттық шаралар өтеді.
Негізгі локация – қаланың орталық жағалауында. Жоғарғы жағалауда жеті киіз үй орнатылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің тұрмыстық заттары мен қолданбалы өнері бойынша көрме ұсынылады. Бұл туралы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Саменова мәлім етті.
– Сондай-ақ, мерекелік іс-шара кезінде мега асық, тымақ ату, соқыртеке, бұқтырғыш, қалалар, лапта, лапти, етік лақтыру, батыр, қарагие, корнхол сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Қаланың орталығында «Hand Made», қолөнер бұйымдарын сатудың жаппай сауда жәрмеңкесі өтеді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Балдырғандар алаңы» жұмыс істейді, – деп атап өтті Самал Саменова.
Сонымен қатар, «Ertis Promenade» сахнасының алдында қалалар мен аудандардың Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық білім беру саласының өкілдерінің қатысуымен жаппай шеру өткізу жоспарлануда, жалпы 1200 адам қатысады. Тұрғындар Нұрболат Абдуллиннің концертін тегін тамашалай алады.
30 сәуір күні сағат 11:00 Бұқар жырау атындағы әдебет және өнер музейінде «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» атты дөңгелек үстел, сағат 15:00-де С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Достық әнін шырқайық!» музыкалық кеші өтеді.
– 1 мамыр күні сағат 10:00 Ақсу тарихи-өлкетану музейінде «Dastur-FEST» аймақтық музейлік фестивалі, 10.00-де Г.Н. Потанин атындағы музейі қорынан «Халық достығы мәңгілік» көрмесі, 13:00-де «Batyr mall» сауда орталығында «Шаңырақ» орталығының «Бір шаңырақ астында» мерекелік концерті, 17:00-де Ж.Аймауытов театрында «Қызыл алма» комедиясы, ал 18:00-де А. Чехов театрында «Шальные деньги» комедиясы қойылады, – деп қосты спикер.
Айта кетерлігі, 30 сәуір күні сағат 15:00-де Май, Аққулы, Павлодар, Успен аудандарында, 1 мамыр күні сағат 10:00-де Екібастұз қаласында және 11.00-де Павлодар мен Ақсу қалаларында, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Тереңкөл және Шарбақты аудандарындамәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылмақ.