Павлодарда сотталғандардың жақындары колониядағы жағдаймен танысты
Қауіпсіздігі орташа №45 мекемесінде сотталғандардың туыстарына арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға 45 азамат қатысты.
– Осында келудегі ең басты мақсат – туыстарымызды көру. Менің ұлым осы жерде жазасын өтеп жатыр. Бүгін ұйықтап жатқан жерін көріп, құшақтадым. Жаңа асхана таң қалдырды, бәрі өте әдемі және таза. Мекеме ұжымының осындай кездесулер ұйымдастырып жатқанына алғысым шексіз, – дейді сотталушылардың бірінің анасы.
Кездесу барысында қонақтар сотталғандар жазасын өтеп жатқан жерді көруге мүмкіндік алды. Олар асханада, наубайханада, демалыс бөлмесінде, кітапханада, өндіріс алаңында және колонияның жасақтарында болды.
– Ашық есік күні ең алдымен сотталғандардың эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Туыстарымен кездесуден кейін тұтқындардың мінез-құлқы әдетте жақсы жаққа өзгереді. Бүгін сотталғандардың ата-аналары, жұбайлары, тіпті балалары да келді, – деді мекеме басшысы Қуаныш Қойшыбаев.
Кездесу соңында сотталғандардың туыстары қызметкерлерге сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.