Павлодарда Абай мұрасына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті
Шараға қатысушылар Абайдың өмір жолы мен шығармашылық белестеріне рухани саяхат жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» музейінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы және жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай. Ұлы Дала үні» әдеби-музыкалық кеші өтті.
Шараға «Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия» оқушылары, «Жас ұрпақ» Жастар үйінің тәрбиеленушілері арнайы қатысып, қазақтың бас ақынының өмір жолы мен шығармашылық белестеріне рухани саяхат жасады. Меймандар ақынның балалық шағы, дүниетанымының қалыптасуына әсер еткен Зере әжесі мен Ұлжан анасының өнегесі, Ахмет-Риза медресесіндегі білім алған жылдары және шығыс пен орыс классикалық әдебиетіне деген құштарлығы туралы мәліметтермен танысты.
Музыкалық кеш барысында Абай атындағы гимназия оқушылары мен Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің өкілі Ерлан Рахимовтың орындауында «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» сияқты алтын қорға енген әндері шырқалды. Сонымен қатар, гимназия оқушылары Абайдың философиялық терең «Қара сөздері» мен өлеңдерін мәнерлеп оқып, ештің сәнін келтірді.
Бағдарлама барысында ұлы ақынның өмір жолынан, оның аудармашылық (А. Пушкин, М. Лермонтов, И. Крылов шығармалары) және сазгерлік мұрасынан сыр шертетін арнайы бейнематериалды тамашалады.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шара өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді, адамгершілікті, білім мен еңбекке деген ұмтылысты қалыптастырып, ақынның мол мұрасын кеңінен дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.