Павлодарлықтарға акварельді Қазақстанның бейнесі көрсетілді
Көрмедегі барлық картиналар облыстық көркемсурет мұражайы қорынан алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарда суретші Әбілхан Қастеевтің акварельді жұмыстарының көрмесі ашылды. Мұражайдың экскурсиялық-көпшілік бөлімінің басшысы Татьяна Аполимованың сөзінше, әкесінен ерте айырылған бала байдың қойын бағып, отбасының тірегіне айналған еді. Жастайынан сурет салуға икемі болған Әбілханды белгілі суретші Николай Хлудов байқап, әйгілі өнер студиясына оқуға жіберді.
– Көрмеде 30 акварельді бояумен салынған жұмысты тамашалай аласыздар. Олар мұражай қорымызда сақтаулы. Суреттер жинағы Кеңес кезінде жиналған болатын,– деді спикер.
Қазақстанның көркем жерлері Әбілхан Қастеев үшін шабыт көзі болды. Оның акварельді графика жұмыстарында тың жерлерді игеру, зауыттар салу, егін жинау және қарапайым адамдардың күнделікті өмірі, керемет сұлулық табиғаты бар әсем жерлерді көруге болады.
Көрме 19 ақпанға дейін жалғасады.