Павлодарлық опера жұлдызы Мария Мудряк Қытайдағы гастролін сәтті аяқтады

Павлодарлық опера жұлдызы Мария Мудряк Қытайдағы гастролін сәтті аяқтады
Фото: Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ресми парақшасынан

Бұл – әншінің Қытайдағы бесінші гастролі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілші

Концерттер басты опера сахналарында – Бейжіңдегі Ұлттық өнер орталығында және Сиань қаласындағы Grand Opera House сахнасында өтті.

Өнерпаз Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсындағы графиня Альмавива партиясын алғаш рет орындады. Бұған дейін ол осы қойылымдағы Сюзанна партиясын шырқаса, ал биыл алғаш рет көрерменге графиня образында шықты. Бұл кейіпкердің терең әрі қарама-қайшы сезімдері спектакльге ерекше драмалық әсер мен эмоциялық тереңдік берді.

Мария Мудряк Павлодар облысында дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ ән айтуға қызығып, 10 жасынан бастап Италияда вокалдан дәріс алған. Сол жерде «Ла Скала» театрының балалар хорында шығармашылық жолын бастап, кейін Миландағы Дж. Верди атындағы консерваторияны тәмамдады. Қазір ол әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп жүр және әлемдегі ең үздік он сопраноның бірі саналады.

Әншінің келесі концерті биыл қазанда Италияда, Йези қаласындағы Перголези театрында өтеді. Ол онда «Дон Жуан» операсындағы Донна Анна партиясын орындайды. Осылайша, Мария Мудряк Моцарттың опералық трилогиясындағы үш басты әйел рөлін толықтай сахналайтын болады.