Павлодарда Абайдың ой-толғамдарынан ерекше моноопера ұсынылады

Классикалық әндерді бағалайтын көрермендер рухани оқиғаның куәсі болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ой толғау, Абай даналығы» – Қазақстанның халық әртісі, павлодарлық композитор Шахимардан Әбіловтің авторлық монооперасы. Шығармада Абайдың рухани мұрасы, адамгершілік философиясы мен ұлт болашағына арнаған ой-толғамдары терең көрініс табады.
Концерт классикалық музыканы бағалайтын көрермендерге арналған арнайы концерттер циклінің аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл кеш – Абай шығармашылығының әлемдік маңызын дәріптеуге арналған рухани оқиға болмақ.
Кеш барысында көрермен тек музыкалық өнер туындысын тамашалап қана қоймай, Абай дүниетанымына жаңа қырынан үңілуге мүмкіндік алады.
Сахна төрінде белгілі опера әншісі Шахимардан Әбіловпен қатар халықаралық байқаулардың лауреаты, жас талантты пианист Әлияр Өтетлеу өнер көрсетеді.
Концерт 11 тамыз күні сағат 19:00-де И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония сахнасында өтеді.
Байланыс телефондары: +7 (7182) 22-80-87, +7-775-593-08-97.