Павлодарлық шаңырақтар нығая түсті

Павлодарлық шаңырақтар нығая түсті
Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет

Жыл басынан бері аймақта некеге тұрғандар саны ажырасқандарға қарағанда бір жарым есе көп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің отырысында облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Жанар Мағзамова өңірдегі демографиялық ахуал туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Павлодар облысының халқы 743 640 адамды құрады. Оның ішінде 532 236 адам (71,6%) қалаларда, 211 404 адам (28,4%) ауылдық жерлерде тұрады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңір халқының саны 5 180 адамға немесе 0,7 пайызға азайған.

Биылғы қаңтар–мамыр айларында облыста 3 144 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 1 642 ұл және 1 502 қыз туған. Осы кезеңде 2 930 адам қайтыс болды, нәтижесінде табиғи өсім 214 адамды құрады.

Бес ай ішінде облыста 1 357 неке тіркеліп, 935 ажырасу рәсімделген.

Көші-қон көрсеткіштері бойынша қаңтар–мамыр айларында облыстан 7 071 адам көшіп кеткен. Оның ішінде 129 адам шетелге қоныс аударған. ТМД елдеріне кеткендердің басым бөлігі Ресейге бағытталған. Қазақстанның өзге өңірлеріне 6 942 адам көшіп, олардың негізгі бөлігі Астана мен Алматы қалаларын таңдаған.

Осы кезеңде Павлодар облысына 5 254 адам келген. Оның ішінде 352 адам сыртқы көші-қон есебінен келген. Шетелден келгендердің көбі Ресей, Түрікменстан, Қытай және Моңғолиядан қоныс аударған. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінен 4 902 адам келген, олардың басым бөлігі Астана, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан.

Жанар Мағзамованың мәліметінше, бес айдың қорытындысы бойынша облыстағы көші-қон сальдосы теріс болып, 1 817 адамды құрады.

Баяндамашы қазіргі демографиялық статистика халық санағының қорытындылары, азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесінің және Ішкі істер министрлігінің көші-қон жөніндегі әкімшілік деректері негізінде қалыптастырылатынын атап өтті.