Павлодарлықтар «тірі» экспонаттарды көре алады
Шаһарда LEGO конструктордан жасалған экспонаттар көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында су экспонаттары (суды тазартатын робототехникалық жүйелер, сорғы станциялары, Архимед бұрандасы), цирк, Smart city, Динозаврлар саябағы және Гарри Поттер, Ниндзяго әлемі, эйфель мұнарасы, Бэтмен әлемі, Minecraft әлемі, Star Wars, Кариб теңізінің қарақшылары, Марвел (Темір адам, Өрмекші адам, тордың балғасы), Марио, Юра әлемі, техниктер, қылыштар, мылтықтар және тағы басқа 120-ден астам «тірі» экспонат назарға ұсынылды.
– Адамдарға, жануарларға көмектесетін жобалар да бар. Мысалы, цирк жобасы бойынша біздің циркте жануарлар роботтары қолданылады. Осылайша, жануарларды қинаудан аулақ болуға көмектеседі. Сондай-ақ, музыкалық оркестр бар, ол қазақ мәдениетін насихаттау мақсатында құрылған. Қобызда үш робот ойнайды, – деді «Сатурн» робот техникасы және лего мұражайы мектебінің басшысы Алексей Ли.
Сондай-ақ жүретін, қозғалатын тиродактель, трицераптос сияқты динозаврлар көрмеге қойылды. Оған қоса, Гарри Поттер фильміне арналған экспонаттар да өте қызықты. Мысалы, Гарри Поттерде болған сиқырлы шахмат, кітаптар, Букля сияқты көптеген экспонаттар бар.
Ақылды қалада да көптеген ақылды заттар бар, мысалы, ақылды автобус, детальдары өте көп қозғалатын пойыз. «Coca Cola», «KFC», «starbax» дүкендері де жасалған.
Экспонаттарды мектеп оқытушыларымен бірлесіп балалар жасаған.
Өткен жылы да осы мұражайда ұйымдастырылған көрменің биылғы жылғы айырмашылығы – қозғалатын экспонаттардың қосылуы.
– Біз Колизей, Эйфель мұнарасы сияқты статикалық экспонаттарды ғана ұсындық. Келушілерден кері байланыс алып, моторларды, микрокомпьютерлерді енгізіп, жобаларды жандандырдық. Қозғалатын экспонаттар балалардың одан да көп қызығушылығын тудырады, – дейді мектеп басшысы.
Айта кетейік, «Сатурн» робот техникасы және лего мұражайы мектебі жеті жылдан астам жұмыс істейді. Бес жастан 16 жасқа дейін қабылдайтын балаларды LEGO Education әдісімен дайындайды.
Көрме ақылы түрде өткізіледі. Билет құны: 15 жасқа дейін балаларға – 1500 тг, ересектерге – 2000 тг. Көрме 14 шілдеге дейін жұмыс істейді.