Павлодарда Ахмет Жұбановқа арналған «Элегия» тұңғыш рет орындалады
Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы мен өнер ордасының 85 жылдығына орай концерт ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының «Giovani Talenti» жасөспірімдер камералық оркестрі, виолончилистер ансамблі қатысады.
Оңтүстік астанадан келген меймандарды филармония ұжымы шашу шашып, ән мен бимен қарсы алды. Кездесуде өнер ордасының жетекшісі Амангелді Қожанов бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтті.
– Ахмет Жұбанов – Қазақстанның кәсіби музыка өнерінің қалыптасуындағы негізгі тұлға. Дәл осы кісі бір кездері біздің жерлестеріміздің талантын танып, қолдады. Бұл – республиканың тұңғыш кәсіби домбырашысы Рүстембек Омаров және музыкалық аспаптар шебері Қамар Қасымов. Сондықтан да бірлескен жобамыз филармония мен атақты мектеп-интернат арасындағы әріптестіктің негізі болады деп үміттенеміз, – деді ол.

Оркестрдің бас дирижері Аршат Шәріпов – Павлодардың тумасы. Ол шаһардағы өнер мектебін бітіріп, кейін Алматыдағы консерваторияда оқыған.
– Бүгінгі концерт мен үшін маңызды. Себебі бұл – менің туған жерім, туған қалам. 9-сыныпқа дейін Тереңкөл ауданында оқыдым. Кейін Павлодардағы музыкалық колледжде білім алдым. Туған қаламның сахнасында өнер көрсету – мен үшін өте толғандыратын сәт. Бүгін өнер көрсететін солист Асқар Күлшәріпов та – павлодарлық. Біз бірігіп Бахтың концертін орындаймыз, – деді өнер иесі.
Концертте әлемдік классика, қазақ композиторларының шығармалары және Ахмет Жұбановтың туындылары орындалады. Бағдарламада И.С. Бахтың фортепианолық концерті, Ахмет Жұбановтың «Романсы», Е. Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетінен үзінді, сондай-ақ композитор Данияр Біржапырақовтың Жұбановқа арнаған «Элегиясы» қамтылды.
– «Giovani Talenti» құрамында 8-12-сынып оқушылары. Бұл – олардың Павлодарға алғашқы гастрольдік сапарлары. Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарына біздің концерт ұнайды деп үміттенеміз, – деді Аршат Шәріпов.
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының скрипка сыныбының 12 сынып оқушысы Алдияр Жұманғазинов концертте оркестрмен бірге және жеке өзі өнер көрсететін болады.
– Бүгін біздің алғашқы гастрольдік сапарымыз. Иса Байзақов филармониясында өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Кейбір шығармаларды тұңғыш рет ойнаймыз, сондықтан аздап қобалжу бар. «Элегияны» сахнада бірінші рет орындаймыз. Біз бұл туындыны екі ай бұрын дайындай бастадық, – деді жас өнерпаз.

Алматылық меймандармен бірге сахнада «Элегияны» Павлодар музыкалық колледжінің үшінші курс студенті Жасұлан Төрегелді де ойнайды.
– Дирижер маған ноталар мен репетициялардың бейнелерін жіберіп отырды. Қалада жүріп мен видеолар мен ноталарға сүйеніп, өзім дайындалдым. Бұл ұжыммен өнер көрсету – үлкен мәртебе. Бұл шығарманы алғаш орындайтындардың бірі боламын. Туынды өте әдемі. Автор Ахмет Жұбановтың стилін сақтаған, – деді ол.
Айта кетейік, концертте виолончилистер ансамблі де өнер көрсетеді. Оның ішінде павлодарлық виолончилист Камила Ирангаит та өнер көрсетеді. Концерт сәуірдің 3 күні, сағат 19:00-де өтеді.