Павлодарда «Ана-Жер-Ана» трагедиясы жаңа құраммен қайта қойылды

Басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева сомдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрының танымал актрисасы Рауза Тәжібаева 70 жасқа толып отыр. Осынау мерейтойға орай актриса «Ана – Жер – Ана» трагедиясында басты Толғанай рөлінде ойнап, сол жылдардағы адамдардың өмірін анық көрсете білді. Қойылым соғыс жылдары ел басына түскен нәубетті шынайы баяндады. Әйел адамның қаншалықты мықты әрі төзімді екенінде байқауға болады. Әрі ол ананың баласына деген махаббатты мен сүйіспеншілігін көрсетті.
— «Ана-Жер-Ана» қойылымы алғаш рет 2005 жылы Жүсіпбек Аймауытов театрында Ерсайын Тәпеновтің режиссерлігімен көрермендерге ұсынылған болатын. Сахналық шығарылымға 40-қа жуық актер және актриса атсалысып, жарты ай ішінде дайындалып, көрерменге жол тартты, — деді Рауза Тәжібаева.
Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген. Қоюшы режиссер – Ерсайын Тәпенов.
Рауза Тәжібаева 1955 жылы Қостанай облысы, Пешков ауданы, Батмановка ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Алматы қаласында Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетін бітірген соң министрліктің арнайы жолдамасымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облысындағы қазақ театрында актриса болып қызмет етті. 1990 жылы жаңа құрылып жатқан Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрына арнайы шақырумен келіп, өнер ордасының ашылуына үлес қосты. Өнер иесі «След росомахи» (1978), «Клад черных гор» (1978) деректі фильмдеріне түскен.
1996 жылы Жезқазған қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік әйел ролі» дипломымен, Өскеменде өткен фестивальде О.Бөкейдің «Ең үздік әйел ролі» номинациясымен марапатталған. 2025 жылы Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталды.
Әмина Жеңіс