Павлодарда алғаш рет граффити байқауы өтті
Жұмыстар «IT-технологиялар» тақырыбында ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«IT Graffiti» байқауы павлодарлық өнерлі жастар үшін алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Еркін суретшілер цифровизация дәуірін граффити стилінде бейнеледі. Қатысушылар шілденің ортасынан бастап тамыздың басына дейін іріктеудің үш кезеңінен өтті.
Ұйымдастырушылар бейнелеу өнерінің көмегімен IT-технологияларға қызығушылықты арттырып, шығармашыл жастарды біріктіруді мақсат еткен. Ол үшін қаланың әр жерінде қатысушыларға трансформаторлық қосалқы станциялар бөлінді. «Жасыл ел» ұйымы көмекшілердің бірі болып таңдалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқыда тек алты қатысушы болған. Оның үшеуі жүлделі орынға ие болды. Тәуелсіз қазылар алқасы суреттердің жарықтығын, мағынасын және тақырыпқа жақындығына қарап бағалады.
Жеңімпаз Руслан Қасымовтың жұмысы Ломов көшесі, 39-үйдегі стендте ілінетін болады. Ол өнер саласында 2007 жылдан бері жүр.
– Мен көбінесе граффити стилінде саламын. Бірақ графикалық дизайнер ретінде кез келген техникада сурет сала аламын, – деді жеңімпаз. – Бірінші орын үшін 200 мың теңге алдым. Өте қуаныштымын. Біз сурет саламыз, ал қаламыз сол суреттермен әсемденеді.
Үшінші орын иегері Василий Вдовин де өз тарихымен бөлісті. Оның партфолиосында «ERTIS MEDIA» холдингтің қабырғасындағы атауы бар.
– Қабырғаларды бояумен он бес жыл бойы айналысамын. Кезінде бұл менің хоббиім болды. Өз подъезімнің қабырғасынан бастадым. Көшелерде өте сирек сурет саламын,- дейді суретші.
Жалпы жүлде қоры 350 мың теңге болды. Бірінші орын иегері 200 мың теңгеге ие болды. Екінші және үшінші орындарға 100 мың және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Қалған қатысушылар еңбектері үшін мадақтама қағаздарына ие болды.
Әсия Серікова