Павлодарда арнайы техника тәркіленді
Аталмыш техниканың иесінің өтелмеген берешегі мен айыппұлы болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде қасақана төлемейтін борышкерлерді анықтау және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу бойынша ауқымды рейдтік жұмыс жалғасуда. Патрульдік полиция қызметкерлері прокуратура және сот орындаушыларымен бірлесіп, әкімшілік қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету және берешектерді өндіріп алу мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Павлодар қаласында көлік ағынын тексеру барысында полицейлер LEIMAN LM550 маркалы өздігінен жүретін бетон араластырғыш арнайы техниканы тоқтатты.
– Дерекқорлар бойынша тексеру аталған техниканың иесі болып табылатын ұйымның 36 миллион теңгеден астам өтелмеген берешегі мен айыппұлы бар екенін көрсетті. Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде арнайы техника дереу тәркіленіп, мамандандырылған айып тұрағына қойылды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Тимур Хисматуллин.
Өңір полициясы мүлікті мәжбүрлеп тәркілеуге, шоттарға тыйым салуға және көлікті айып тұрағына қоюға жол бермеу үшін әкімшілік айыппұлдар мен өзге де берешектерді уақытылы өтеу керектігін ескертеді.