Павлодар су тасқынының орташа қатері күтілетін аумақтардың қатарына енді

Павлодар су тасқынының орташа қатері күтілетін аумақтардың қатарына енді
Фото: gov.kz

«Қазгидромет» РМК 2024 жылғы су тасқыны бойынша негізгі болжамды шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның мәлімдеуінше, Қазақстанның жазық өзендерінде көктемгі су тасқыны ағынының күтілетін көлемі 2024 жылғы 01 наурыздағы жағдай бойынша гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшеулер деректеріне сәйкес жасалды.

«NASA» спутниктерінің жерді қашықтықтан зондтау суреттері бойынша Қазақстанның қармен жабылған аумағы 72% құрайды.

Жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берілді:

  • қатерлері жоғары өңірлерге Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары жатқызылды;
  • Павлодар облысы қатерлері орташа аумақтар қатарына енді. Одан бөлек Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстары бұл тізімді толықтырды; 
  • қатерлері төмен аумақ ретінде Маңғыстау облысы аталды.

Қазіргі уақытта қар жиналу процесі жалғасуда.

Наурызда температураның күрт көтерілуі және қатты жаңбыр болған жағдайда, бұл еріген қар мен жаңбыр тасқынының пайда болуына әкелуі мүмкін.