Павлодарлық педагогтерге жаңа буын оқулықтары таныстырылды
Іс-шара ұстаздар үшін кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аманжол Шамкенов атындағы мектепте облыстық білім беру басқармасы мен білім беруді дамытудың инновациялық орталығының ұйымдастыруымен облыс педагогтеріне арналған семинар өтті.
Семинарға «Алматы кітап» баспасының вице-президенті Гүлнұр Құдайберген және 8-сыныпқа арналған биология оқулығының авторы Құндыз Балапанова қатысып, жаңа буын оқулықтарын таныстырды.
Құндыз Серікқызы оқулықтың ерекшеліктеріне тоқталып, оның электронды нұсқасының қолданыста екенін және қыркүйектен бастап мектептерге таратылатынын айтты. Автор оқулық білім алушылардың жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын дамытуға, зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді.
Гүлнұр Құдайберген бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік жаңалықтарды таныстырып, заманауи, көркем безендірілген оқу құралдарының оқушылардың қызығушылығын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Семинарда педагогтер оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қатысты сұрақтар қойып, пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен іс-шара ұстаздар қауымына жаңа оқу құралдарының артықшылықтарын бағалауға мүмкіндік берді.
Жаңартылған оқулықтар мен цифрлық ресурстар – білім беру сапасын арттыруға, оқыту процесін тиімді етуге және мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беретін маңызды қадам болып отыр.