Павлодар облысында көмір өндірісі артты
Елімізде 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тас көмір өндірісі 84,8 млн тонна болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, бұл – былтырғы сәйкес кезеңнен 2,1% аз. Оның ішінде қоңыр көмір 3,3 млн тоннаны, ал көмір концентраты 2,7 млн тоннаны құрады.
Қоңыр көмір мен көмір концентратын қоса алғанда өндірілетін тас көмірдің барлық көлемі тек Павлодар (50,5 млн тонна) және Қарағанды (27,2 млн тонна) облыстарына тиесілі.
– Павлодар облысында көмір өндірісі 0,6% немесе 279,3 мың тоннаға өссе, Қарағанды облысында 3,6% немесе 1 млн тоннаға азайған. Көмір өндірудің айтарлықтай көлемі Абай (5,7 млн тонна) және Ұлытау (876,8 мың тонна) облыстарында байқалды, – дейді сарапшылар.
Қазақстандық кеншілер елді 100%-ға жуық көмірмен қамтамасыз етіп отыр. 2023 жылдың қаңтар-тамызында импорт тек 0,7% болды, алайда бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (0,4%) сәл артық. Көмір импортының көлемі 1,5 еседен астам артып, 491 мың тоннаға ғана жетті.
2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында көмір экспорты 18,3% төмендеп, 19,4 млн тоннаны құрады. Бұл ретте ішкі нарықта көмір сату 5,6% өсіп, 55,9 млн тоннаны құрады.
2023 жылғы қыркүйектің соңында тас көмірдің бағасы бір айда 3% өсті, бұл соңғы екі жылдағы ең елеулі айлық баға өсімі (2021 жылдың қарашасында тас көмір 3,7% қымбаттаған).
Бір жылда көмір 12,3% өсті, ал 2022 жылдың қыркүйегінде баға 10,8% қымбаттаған. ҚР өңірлері ішінде көмір бағасының ең көп өсімі Ақтөбе облысында болды: 39,2%. Одан кейін Түркістан облысы (28,8%) және Алматы (23,5%). Баға ең аз өскен өңірлер – Алматы (2,3%) және Қарағанды (3,7%) облыстары. Батыс Қазақстан облысында баға өзгерген жоқ, ал Жамбыл облысында 3,6% арзандады.