Павлодарда ауыл шаруашылығы еңбеккерлері марапатталды
Мерекелік жиында сала үздіктеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Еңбек адамдары мемлекеттік және өңірлік марапаттарға ие болып, аграрлық секторды өркендетуге қосқан еселі еңбектері ескерілді.
Мереке қарсаңында Естай атындағы мәдениет үйінде көрме ұйымдастырылды. Онда өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері, заманауи техникасы мен агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктері таныстырылды.

Облыс әкімі Асайын Байханов сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, өңірдің аграрлық әлеуетін арттырудағы еңбектеріне алғыс білдірді.
– Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Облыста бес мыңнан астам шаруа қожалығында 60 мыңнан астам адам аянбай еңбек етуде. Соңғы жылдары әртараптандырудың нәтижесінде күнбағыс алқабы екі жарым есеге өсті. Үш жыл қатарынан біздің өңір инвестиция тарту бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, егін жинау науқаны абыроймен аяқталды. Сіздердің күнделікті маңдай терлеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің арқасында халқымыз дастарханнан дәм мен нан үзген емес, – деді Асайын Байханов.
Салтанатты рәсімде «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бәкішевке берілді.
«Құрмет» орденімен «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының директоры Қайрат Ибраев марапатталды.
III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін «Вигис» ЖШС директоры Виктор Григоров пен «Неупокоев В.И.» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Неупокоев алды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі «Құндыз» шаруа қожалығының басшысы Максим Щербак пен «Шыңғысхан» шаруа қожалығының жетекшісі Жоламан Мұсабековке табысталды.
«Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі Ақтоғай ауданының шаруашылық ардагері Ермек Мәшріков пен «Болат» шаруа қожалығының басшысы Серік Сүлейменовке берілді.
Облыс әкімінің Құрмет грамотасына «Best Milk» ЖШС директоры Игорь Зуенко, «Павлодар құс» құс фабрикасының бас ветеринар дәрігері Вадим Измайлов және «Асима-Агро» ЖШС директоры Талғат Ешімов ие болды.
Облыс әкімінің Алғыс хатын «Төлек» ЖШС басшысы Руслан Төлеков, «Абылай» шаруа қожалығының механизаторы Оспан Төкебаев және «Орда» шаруа қожалығының басшысы Төлепберген Әубәкіров алды.
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі «аграрлық несие корпорациясы» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Сайра Ықыласоваға табысталды.

«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Жан-Дос Kz» ЖШС өндіріс меңгерушісі Бауыржан Серімов, «Оразбаев» шаруа қожалығының басшысы Сайлау Оразбаев, «Твис Агро» ЖШС директоры Сергей Турбин, «Барғана» фермерлік қожалығының басшысы Сейтбалл Әлдекенов, Аққулы ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің дәрігер-меңгерушісі Қайыркелді Сүлейменов және «Луганс» өндірістік кооперативінің бас зоотехнигі Ольга Щеглова марапатталды.
«Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған «Болат» шаруа қожалығының басшысы Серік Сүлейменов мерекелік шарада саладағы өзгерістерге тоқталды.
– Біз 2002 жылы жұмыс бастағанда субсидия дегенді, мемлекет қолдауын білмейтін едік. Барлығын өз күшімізбен, таза энтузиазммен бастадық. Бүгінде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Қазір жастарға шаруашылық ашып, табысты болуға мүмкіндік көп. Жоғары технология, интернет, субсидия, мемлекеттік қолдау, несие мен лизинг бар. Барлық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мерекемен құттықтаймын. Егіндеріңіз мол, малдарыңыздың төлдері көп болсын, жоспарлаған мақсаттарыңыз орындалсын, – деді Серік Сүлейменов.
Айта кетейік, Павлодар облысында аграрлық сектор тұрақты дамып келеді. Биылғы жылдың он айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 195 миллиард теңгеге жетті. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 255 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.

Өңірде алдағы үш жылда жалпы құны 150 миллиард теңгеге жуық 32 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында құс фабрикасын кеңейту, ет өңдеу кешенін салу және жылыжай өндірісін дамыту бастамалары бар.
Павлодар облысы тары, қарақұмық, картоп және сәбіз өндіруден республикада жетекші орын алады. Бұған қоса, мал өсіру, асыл тұқымды шаруашылықтарды дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және техника паркін жаңарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – туған жердің берекесін арттырып, ел дастарханын молайтуға үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету күні.