Павлодарда «ақылды камера» адамның жанын сақтап қалды

Павлодарда «ақылды камера» адамның жанын сақтап қалды
Фото: Константин Шелков

Дипсетчерлер батып бара жатқан адамды видео арқылы байқап, бірден құтқаруға шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов мәлім етті.

– «Ақылды камералар» пилоттық жобасы ойдағыдай іске асырылды. Мысалы, шомылу маусымы кезінде тұрғындар қалтқымадан асып жүзген 50-60 жағдайды камера тіркеген болатын, – деді Серік Шериязданов.

Оның сөзінше, биыл осындай «ақылды камералар» арқасында Усолка өзені бойында суға батып бара жатқан адам аман қалды. 

– Ер адам қалтқымадан ұстап, бір мезетте судың астына бата бастады. Оны станциядағы кезекші қызметкер байқап, бірден құтқаруға шықты, – деп еске алады Серік Шериязданов.

Оның сөзінше, бүгінде орталық жағажайда он екі камера, ал Усолкада алты камера жұмыс істеп тұр. Шомылу маусымы кезінде аталған камералар патрульдеу режимінде жұмыс істеген. 

– Осындай жобаны басқа қала мен аудандарда енгізу туралы ұсыныс жасаған болатынмын. Себебі, түнгі уақытта да ішіп алған адамдар шомылуға барады. Камера арқылы оларды тез тауып, құзырлы органдарды шақырта аламыз. Енді оны әр әкімдік өздеру шешу керек, – деді спикер.

Еске сала кетейік, павлодарлықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық жағажайда арнайы пилоттық жоба іске асырылған болатын. Құтқарушылар «Ақылды камералардың» көмегімен суда жүрген тұрғындардың қалтқымалардан әрі өтіп кетпеуін бақылай алды. Одан жүзіп кеткен адам туралы сигнал құтқару станцияларындағы мониторларында көрсетіліп, дыбыстық сигнал қосылады.