Павлодар облысында автокөлік құлынға соғылып, жүргізуші ауруханаға түсті

ЖКО «Омбы – Майқапшағай» автожолында, Аққулы ауылының маңында орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Chevrolet cobalt» автокөлігінің жүргізушісі құлынды басып кеткен. Салдарынан жүргізуші жарақат алып, ауруханаға жүгінді.
Іздестіру іс-шаралары барысында Аққулы ауданының полиция қызметкерлері мамандандырылған тұраққа айдалатын иесіз табынды анықтады. Кейінірек соғылған жылқы мен табынның иесі де анықталды.
– Бастапқыда мал иесі апатқа ұшыраған жылқыны өзіне тиесілі емес деп бас тартты. Бірақ, кейін басқа жылқыларын көріп, мойындады. Мал иесі жауапқа тартылды. Ал, көлік жүргізушісі залалды өтеу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну құқығын өзіне қалдырады, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінде.
Айта кетейік, ағымдағы жылы мамандандырылған тұрақтарға 2352 иесіз мал орналастырылса, 127 мал иесі жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында иесіз малдың қатысуымен екі ЖКО тіркелді.