Павлодарда бірқатар бастауыш партия ұйымдары іріктелді
Олардың материалдарына республикалық ұйымдастыру комитеті баға береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалында «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының екінші кезеңінің қорытындылары шығарылды. Байқаудың мақсаты – жобаларды тиімді жүзеге асырып, жаңа мүшелерді тартатын және қоғаммен байланысты нығайтатын ең белсенді бастауыш партия ұйымдарын қолдау.
Отырыс барысында филиал басшылығының өкілдері, саяси кеңес бюросының мүшелері, депутаттар, партия ардагерлері және партиялық бақылау комитетінің инспекторларынан тұратын конкурстық комиссия қалалар мен аудандардан келген бастауыш ұйымдардың 22 өтінімін қарастырды. Қатысушылар үш санатқа бөлінді: шағын ұйымдар (100 мүшеге дейін), орта ұйымдар (100–500 мүше) және ірі ұйымдар (500-ден астам мүше).
– Басты бағалау критерийлері ретінде партиялық жобаларды жүзеге асыру, ішкіпартиялық жұмыс, инновациялар, креативті жұмыс түрлері, ақпараттық белсенділік және жастармен жұмыс қарастырылды, – деді облыстық филиалда.
Талқылау нәтижесінде комиссия бірқатар бастауыш партия ұйымдарын іріктеп, олардың материалдарын республикалық ұйымдастыру комитетіне жолдады. Енді оларды байқаудың соңғы кезеңі күтіп тұр, онда еліміздің үздік бастауыш ұйымдары анықталатын болады.
Қорытынды 2024 жылдың наурыз айында шығарылмақ.