Павлодар облысында жетім балаларды ересек өмірге бейімдейтін жоба іске қосылады

Павлодар облысында жетім балаларды ересек өмірге бейімдейтін жоба іске қосылады
Фото:pixabay.com/xuanduongvan87

«Samruk-Kazyna Trust» қоры оларды жұмысқа орналастыруға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімдігі мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобалар қоры біздің өңірде «Samruk Umiti» жобасын іске асырып, оны қаржыландыруға ниетті. Аталмыш жоба балалар үйінің 8-9-сынып оқушыларын колледждерге жұмысшы мамандықтарға оқуға түсуге дайындауға және жетім балаларды ересек өмірге бейімдеуге бағытталған. Сондай-ақ, қор балалар үйінің түлектерін «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларына жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

Қол қою рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов пен қордың бас директоры Альфия Адиева қатысты.

Аймақ басшысы жоба іске асатын болса білікті мамандардың шығатынына сенім білдірді.

– «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Samruk Umiti» жобасы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін ерте жастан мансаптық бағдарлауға үйрететініне қуаныштымыз. Биылғы жылы 54 түлек мектеп бітіреді және олардың алдағы тағдырына бей-жай қарай алмаймыз, – деді облыс әкімі. 

Өңірде балалар үйінің тәрбиеленушілері назардан тыс қалған емес, колледж, ЖОО бітіргенге дейін оларға қолдау көрсетіледі. Бұл жұмысты «Жас ұрпақ» жасөспірімдер үйі жүргізеді. Бұл ретте түлектердің жұмысқа орналасуы –100%.

Фото: Валерий Бугаев.