Павлодарда бір демалыс ішінде 13 жол апаты: арасында балалар да зардап шекті

Павлодарда бір демалыс ішінде 13 жол апаты: арасында балалар да зардап шекті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Апаттар елді мекендерде ғана емес, ауылдық тас жолдарда да тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен демалыс күндері Павлодар облыстық жедел жәрдем қызметі 103 нөмірі бойынша 13 түрлі жол-көлік оқиғасына шақырту қабылдады. 

Жұма күні облыс орталығында 16 жастағы велосипедші мен жеңіл көлік соқтығысып, жасөспірімнің білегі көгерген. Тексеруден кейін ол ауруханаға жатудан бас тартты.

Ал 25 шілдеде Павлодар қаласында тағы бір ауыр жағдай тіркелді: мотоцикл жүргізушісі бағанаға соғылып, ми шайқалуының үшінші дәрежесімен облыстық ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен – 1982 жылы туған ер адам.

Шілденің 26-сы күні Семей – Павлодар тас жолында жеңіл көлік шұңқырға ұшып кеткен. Өкінішке қарай, дәрігерлер 45 жастағы әйелдің оқиға орнында қаза болғанын растады. Тағы екі жолаушы – 13 жастағы жасөспірім мен 44 жастағы ер адам  Аққулы аудандық ауруханасына жеткізілді.

27 шілдеде  Кенжекөл ауылында екі көлік соқтығысып, 10 жасар қыз бала зардап шекті. Ол бас-сүйек ми жарақатымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.

– Жол-көлік оқиғалары – жедел жәрдем жұмысының ең күрделі бағыты. Біз ауыр жарақат алған науқастарға алғашқы көмек көрсетіп қана қоймай, оларды дер кезінде ауруханаға жеткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бригадалар қажетті жабдықтармен толық қамтылған, ал мамандарымыз үздіксіз оқытудан өтеді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясы бастығының орынбасары Ирина Мищенко.

Мамандар жол-көлік оқиғасына тап болғанда немесе куә болғанда бірқатар ережені сақтауға кеңес береді. Ең алдымен, апат орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ескерту шамдарын қосып, авариялық тоқтату белгісін қою керек. Кейін 102 және 103 нөмірлеріне қоңырау шалып, орын мен жарақат алғандар туралы нақты мәлімет берген жөн. Егер алғашқы көмек көрсету дағдысы болса, дәрігерлер келгенше көмек көрсетуге болады. Ең бастысы – сабыр сақтап, кәсіби мамандар келгенше оқиға орнында болу.