Павлодарда бірнеше бағытта қатынайтын қоғамдық көлік жаңарды
Солардың бірі - №153 (53) бағытындағы шағын класты маршрут, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
- Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өзгеріс 1 сәуірден басталды. – №153 (53) бағыттағы қоғамдық көлік жұмысына өзгерістер енгізілді. Жылжымалы құрамды жаңарту аясында бұрын пайдаланылған автобустардың орнына желіге сыйымдылығы жоғары, заманауи әрі жайлы Golden Dragon маркалы автобустар шығады. Барлығы бағытта 12 автобус қызмет көрсетеді, - делінген хабарламада.
Әкімдік жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және көліктің габариттерінің ұлғаюын ескере отырып, маршруттың қозғалыс сызбасы ішінара өзгергенін атап өтті. Мәселен, енді аталмыш маршруттың қозғалысы Батурин, Арғынбаев және Баян батыр көшелерімен емес, Ермаков көшесі арқылы жүріп, Катаев көшесінің орнына Н.Назарбаев даңғылы арқылы тасымалдайды.
Бұдан бөлек, бүгіннен бастап №14 автобус маршрутында шағын класты автобустар заманауи орта сыйымдылықтағы автобустарға ауыстырылды. Сонымен қатар, №21 бағытта қатынайтын (Кенжекөл ауылы – Прибрежный шағынауданы) жаңа, жайлы электробустар жолға шықты.
Атап өтерлігі №14 және №21 маршруттарының қозғалыс кестесі мен аралық интервалдары өзгеріссіз қалады. Маршруттардың үйреншікті жұмыс режимі мен қозғалыс сызбасы толық сақталады.