Павлодарда шолу дөңгелегі мен жаңа зауыт салу жоспары бекітілді

Павлодарда шолу дөңгелегі мен жаңа зауыт салу жоспары бекітілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаланы дамыту жоспарына барлығы бес жаңа жоба енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала мәслихатының мәліметінше, XLVII кезекті сессияда депутаттар 2026–2030 жылдарға арналған қаланы дамыту жоспарына өзгерістер енгізді.

Жоспарға шолу дөңгелегін, екі көппәтерлі тұрғын үйді және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін зауытты салу кірді. Сонымен қатар Затон ауданындағы тұрғын үй қорын жаңарту көзделген.

Сессияда қалалық бюджет те нақтыланды. Қосымша түсімдер 5 миллиард 56,6 миллион теңгені құрайды.

– Нәтижесінде Павлодар қаласының 2026 жылға арналған нақтыланған бюджеті 464 миллиард 298,5 миллион теңгеге жетті. Сонымен қатар бес ауылдық елді мекеннің бюджеттері жалпы 502,9 миллион теңгеге ұлғайтылды, – деп хабарлады қалалық мәслихатта.

Депутаттар «Достық» шағын ауданындағы құрылыстың барысын да қарады. 2020 жылдан бері мұнда 12 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазір №27 үйді іске қосу және инженерлік желілерді жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тағы бір мәселе – жылыту маусымы. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша 308 әлеуметтік нысанның 201-і жылуға қосылған. Жеке сектордағы 5288 үйдің 5017-сіне жылу берілген. Көппәтерлі тұрғын үй қорында 1324 үйдің 115-і орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған.

Сондай-ақ «Строитель» бау-бақша серіктестігіндегі жерлерді мемлекеттік қажеттілік үшін алып қою мәселесі талқыланды. Алып қою көзделген 1367 жер учаскесінің 54-і қалды.

Сессия қорытындысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.