Павлодарда балалар театрын құру тапсырылды
Облыс әкімі Асайын Байхановтың қала тұрғындарымен кездесуінде тұрғындардың бірі саналы ұрпақ қалыптастыру жолында қызмет ететін балалар театрын ашу туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Әрине, қалада Аймауытов, Чехов театрлары бар. Көптеген жас дарынды балалар басқа аймақтарда жүлделі орындарды алып жүр. Өкінішке орай, бізде балаларға арналған театр жоқ. Демалыс күндері балаларды «Batyr mall» ойын-сауық орталығына апарамыз. Өзіміз Қобыланды, Ер Төстік батырларын жырларын естіп өстік. Болашақта рухы биік, елдің қамын ойлайтын ұрпақтың жетілуі үшін балалар театры болса екен, – деді ол.
Аймақ басшысы бұл ұсынысты құптайтынын айтып, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасына тапсырма берді.
– Мәдениет – халықтың болмысы, рухы. Өңірімізде мәдениеттің бастауында тұрған Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов сияқты дарынды және атақты жерлестеріміз бар. Мәдениет үйлері де бар. Сахна да, уақыт табылады, бұл жерде бастысы ниет керек. Сондықтан осы сұрақты мәдениет басқармасына қарастыруды ұсынамын, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, кездесу барысында Дачный шағын ауданында жаңа мешіт салынатыны туралы белгілі болды.