Павлодарда Беларусь-Қазақстан мәдени ынтымақтастығы нығая түсті

Павлодарда Беларусь-Қазақстан мәдени ынтымақтастығы нығая түсті
Фото: Александр Шитов

Достық үйінде «Беларусь» мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің активімен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жиын Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюын және этносаралық келісімнің дамуын айқындайтын маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға айналды.

Кездесу барысында «Әралуандылықтағы бірлік» республикалық жобасы аясында жүзеге асырылған 2025 жылғы мерейтойлық іс-шаралардың қорытындысы шығарылды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік және мерейтойлық даталарына, сондай-ақ ұлттық дәстүрлі мерекелерге арналған ауқымды шаралар туралы ақпарат ұсынылды. Бұл іс-шаралар қоғамдық тұрақтылықты, патриотизмді және рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

– Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитовтың баяндамасы тарихи жадыны сақтау және Отан қорғаушылардың ерлігін ұлықтау тақырыбына арналды. Ол беларусьтік іздестіру ұйымдарымен ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Жұмыстың маңызды нәтижелерінің қатарында Павлодар облысының тумасы М. Катаевқа Беларусь Республикасының Мозырь қаласында қола бюсттің ашылуы, сондай-ақ Мозырь қаласындағы №8 орта мектепке Кеңес Одағының Батыры Михаил Катаевтың есімінің берілуі аталды, – деді ұйымдастырушылар. 

Іс-шараға 1944 жылғы 28 ақпанда Беларусьті азат ету жолындағы ірі шайқастардың бірінде қаза тапқан жауынгер Рахман Жайбөсеновтің туыстары қатысты. Оның зираты Беларусь Республикасының Могилев облысы Быхов ауданында орналасқан. «Майдан жолы» жасағының командирі беларусьтік «Быховский рубеж» жасағының командирі Сергей Жижияннің атынан марқұм жауынгердің туыстарына Быхов ауданы туралы естелік кітапты табыстады. Сонымен қатар Витебск облысының Дубровно жеріндегі шайқастар туралы кітап «Беларусь» мәдени орталығының жетекшісіне естелік ретінде берілді. 

Іс-шараның салтанатты атмосферасын Марина Плитконың, сондай-ақ «Крыніцы» және «Надзея» шығармашылық ұжымдарының жүрекке жылы музыкалық орындаулары толықтырды. Өнер арқылы олар ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық дәстүрлерге адалдықты паш етті.

Кездесу соңында орталық белсенділері қоғамдық қызметті дамытуға және мәдениетаралық диалогты нығайтуға қосқан үлестері үшін құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. «Майдан жолы» іздестіру жасағының командиріне Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі атынан беларусь-қазақстан ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында беларусь мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хат табысталды.