Павлодарда бесжылдық сынап мониторингі бағдарламасы әзірленеді

Құжатта қоршаған ортаның жағдайын жүйелі түрде бақылау қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарда облыстық экологиялық кеңестің жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынның басты тақырыбы 2026–2030 жылдарға арналған Солтүстік өнеркәсіптік аймақтың сынап мониторингі бағдарламасының жобасы болды.
Атап айтқанда, ауадағы, топырақтағы, судағы, Былқылдақ көлі түбіндегі шөгінділерде, қар жамылғысы мен биологиялық нысандардағы сынап құрамына тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Бағдарлама 2017–2024 жылдары жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенеді.
— Маңыздысы – тек ластану деңгейін тіркеу ғана емес, өзгерістерді динамикада бақылап, дер кезінде шара қабылдау арқылы халық денсаулығын қорғау, — деді экокеңес мүшелері.
Отырыстан кейін жұмыс тобы мониторинг аумағына барды. «GioTrade» ЖШС мамандары жер асты ұңғымаларынан сынама алу және газанализатор арқылы ауаны өлшеу тәсілдерін көрсетті. Жиынға қатысушылар бағдарлама жобасын жетілдіруге өз ұсыныстарын білдірді. Құжатты қазан айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Бағдарлама Павлодар облысындағы ұзақ мерзімді экологиялық бақылаудың негізіне айналып, мамандардың айтуынша, тұрғындар денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайтуға және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін сақтауға ықпал етеді.